Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның (ЖСДП) Орталық аппаратында Конституциялық реформаға арналған жан-жақты талқылау өтті. Іс-шараға Ақмола және Қарағанды облыстарынан, сондай-ақ Астана қаласынан бастауыш партия ұйымдарының өкілдері қатысты.

Жиынның негізгі мақсаты – халық талқысына ұсынылып отырған Конституцияның жаңа жобасына енгізілген өзгерістердің мән-маңызын түсіндіру, оған қатысты түрлі ұстанымдар бойынша пікір алмасу және Ата Заң жобасын өңірлерде талқылау барысын пысықтау болды. Бұл өз кезегінде партия құрылымдарының қоғамдағы рөлін айқындай түсті.

Кездесу барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ЖСДП төрағасы Асхат Рақымжанов Конституция жобасы елдің болашақ дамуы мен қалыптасуына бағытталған жаңа бағдар екенін атап өтті. Сондай-ақ ол елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформаларды әлемдік деңгейдегі «Социалистік интернационал» халықаралық саяси ұйымының толық қолдайтынын жеткізді. Айта кетейік, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия – Қазақстанда осы халықаралық саяси ұйымға мүше болып отырған бірден-бір партия.
Жиын барысында қатысушылар Конституция жобасының негізгі бағыттарын, оның қоғамдық-саяси даму үшін маңызын, сондай-ақ әлеуметтік салаға, еңбек қатынастарына және мемлекеттік басқару жүйесіне ықтимал әсерін жан-жақты талқылады. Ұсынылып отырған өзгерістерді терең түсініп, оны қоғамға жүйелі түрде жеткізудің маңыздылығы ерекше атап өтілді.

Сонымен қатар азаматтардың Ата Заң жобасына бейжай қарамауы қажеттігі, өңірлік ерекшеліктер мен халықтың нақты сұраныстарын ескере отырып, азаматтардың талап-тілектерін заң аясында жүйелеу мәселелері де сөз болды.
Кездесу барысында ЖСДП өкілдері халықтан келіп түсетін барлық өтініштер мен ұсыныстар назардан тыс қалмайтынын атап өтті. Конституциялық реформа аясында «Халық Кеңесі» мен Құрылтайдың, сондай-ақ саяси партиялардың атқарып отырған қызметі халық мүддесіне бағытталғаны, бұл бағыт Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатымен үндес келетіні кеңінен түсіндірілді.

Кездесу қорытындысы бойынша ЖСДП-ның бастауыш партия ұйымдары өңірлерде түсіндіру және пікірталас жұмыстарын белсенді түрде жалғастыруға дайын екендерін білдірді. Іс-шара іскерлік әрі конструктивті жағдайда өтіп, партия белсенділерінің Конституциялық өзгерістердің негізгі бағыттарын талқылауға белсенді қатысқаны атап өтілді.




