Жезқазған қаласында 2011 жылы туған және одан кіші жасөспірімдер арасында үстел теннисінен Қазақстан Республикасының чемпионаты жалғасып жатыр. Ел біріншілігіне Қазақстанның әр өңірінен келген жас спортшылар қатысып, жоғары деңгейдегі шеберлік пен тартысты ойын үлгісін көрсетуде.
Бүгін жарыстың командалық кезеңі аяқталып, ұлдар мен қыздар арасындағы жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Ұлдар арасындағы финалдық кездесуде Түркістан облысының құрамасы Батыс Қазақстан облысының командасын 3:2 есебімен жеңіп, чемпион атанды. Осылайша, Түркістан облысы алтын жүлдеге ие болса, Батыс Қазақстан облысы күміс медальды қанағат тұтты. Ал үшінші орындарды Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарының командалары бөлісті.
Қыздар арасындағы финалда Қарағанды облысының командасы Шымкент қаласының спортшыларын 3:1 есебімен жеңіп, бірінші орынды иеленді. Шымкент қаласының құрамасы екінші орынға тұрақтаса, Павлодар және Маңғыстау облыстарының командалары қола жүлдегер атанды.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының чемпионаты әлі де жалғасуда. Алдағы күндері жас теннисшілер жеке және жұптық сында өзара мықтыны анықтап, ел біріншілігінің жаңа чемпиондары мен жүлдегерлері белгілі болады.




