Қала әкімінің орынбасары Ахмет Сыздыманов Абай көшесі, 11/2 тұрғын үйінің жертөлесінде «Қайсар» ПИК-ке қарасты көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындарымен кездесу өткізді.
Кездесудің негізгі мақсаты – тұрғындарды толғандырған өзекті мәселелерді талқылап, оларды кезең-кезеңімен шешу жолдарын қарастыру.
Жиын барысында тұрғындар:
тұрғын үй шатырының техникалық жағдайын,
балалар алаңын жаңарту қажеттілігін,
аула аумағындағы жасыл желекті көбейту мәселесін көтерді.
Әкім орынбасары әрбір мәселе назарға алынатынын атап өтті.
Балалар алаңдарына қатысты, ең алдымен, бұрын балалар алаңы мүлде болмаған немесе 10 жылдан астам уақыт жаңартылмаған аулалар кезең-кезеңімен қамтылатыны жеткізілді. Жаңарту жұмыстары белгіленген жоспарға сәйкес жүргізіледі.
Сонымен қатар, биыл Абай көшесінің бойына қосымша жасыл желек отырғызу жоспарланып отырғаны туралы ақпарат берілді. Бұл бастама қала аумағын абаттандыруға және қолайлы экологиялық орта қалыптастыруға бағытталған.
Жертөледегі кездесулер тұрғындармен ашық диалог орнатуға, мәселелерді жергілікті жерде талқылап, нақты шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін тиімді алаң болып отыр.




