Сәтбаев қалалық Жастар ресурс орталығының ұйымдастырумен қаладағы «Қазақстан» спорт кешенінде «Көңілді қыс» қысқы мәдени-сауықтыру іс-шарасының салтанатты ашылуы өтті. Әрине, шараға негізінен қала тұрғындары, жастар мен студенттер қатысты.

Ашылу салтанатында «Қазақстан» спорт кешенінің мәнерлеп сырғанау тобының қыздары көркем композиция орындап, республикалық жарыстардың жүлдегерлері Серік Амина мен Бақыт Айғаным өз өнерлерін көрсетті.
Сәтбаев қаласы әкімінінің орынбасары Дархан Қабылдашұлы Мұхан құттықтау сөз сөйлеп, жас спортшыларға Алғыс хаттар табыстады. Мереке соңында барлық қатысушылар бірлескен флешмоб биін орындап, іс-шара көтеріңкі көңіл-күймен аяқталды.

- Бұл біздің орталықтың қыс мезгіліне жоспарларған шараларының бірі. Жастарды қоғам жұмысына ұйыстыра білу мақсатында алда тағы да бірнеше шаралар ұйымдастырамыз. Мысалы, сыртта жұмыс істеп жүрген жандарға жылы тамақ ұйымдастыру. «Көңілді қыс» бағдарламасы аясында «Көңілді старт» атты жарыстар өткізу ойымызда бар. Спорттың 5 түрінен өтетін бұл жарыстардың жастардың демалысын, бос уақытын мәнді де мағыналы өткізіп қана қоймай, өзара таныстығын нығайтуға , денсаулықтарын шыңдауға игі әсерін тигізеді деген ойдамыз. Ойынның бір түрін «Коньки жарысы» деп атадық. Өйткені, мұз үстінде өтетін ойынымызға қатысушылардың бәрі де коньки киіп қатысатын болады.
Өз қаламызда ғана емес көршілес Жезқазған қаласына барып, сол қаланың жастарымен бірге сондағы сырғанақ алаңында да іс-шара өткізгіміз келеді. Ақпан айының соңына таман салтанатты жабылу шарасын өткіземіз – дейді Сәтбаев қалалық Жастар ресурс орталығы директорының орынбасары Сыздықбаева Жұлдызай Нағыпбарқызы.
Міне, қандай керемет! Жалындаған жастардың әрбір бастамасына сәттілік тілейміз!


Абдолла Нұртауұлы.




