Жаңа Конституция жобасы тұңғыш рет Қазақстанның мыңжылдық тарихын негізгі мемлекеттік құндылық ретінде бекітті. Бұл туралы Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның VII отырысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазіргі 1995 жылғы Конституцияда тарихқа қатысты бірде-бір сөз жоқ. «Жаңа Конституция жобасының Преамбуласында «Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығын сақтай отырып» деген сөйлем енгізілді. Бұл біздің тарихымыздың үздіксіз сабақтастығын, Қазақстан көшпелілер өркениетінің ошағы екенін көрсетеді. Осылайша, тарихымыз Конституцияда декларация емес, нақты мемлекеттік құндылық ретінде бекітілді», – деді Ерлан Қарин.
Преамбуладағы «Ұлы Дала» мен «мыңжылдық тарих» ұғымдары Қазақстанның тарихи субъект ретінде танылғанын және мемлекеттіліктің бірегейлігін айқындайтын маңызды символ екенін көрсетеді. Бұл жаңа Конституцияның тарихи тұғырын заңдық тұрғыда бекітетін ерекше қадам болып отыр.
Сонымен қатар, Мемлекеттік кеңесші жаңа Конституцияда мемлекеттік тіл – қазақ тілі – нақты және айқын көрсетілгенін атап өтті. «9-баптың 1-тармағында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп жазылған. Бұл біздің тілдің мәртебесін бекітеді. Мемлекетіміз барда тіл биік тұғырдан түспейді. Сол үшін мемлекетті сақтауымыз, қорғауымыз және ел бірлігін ойлауымыз қажет», – деді Ерлан Қарин.
Ол жаңа Конституция жобасы мен 1995 жылғы қолданыстағы Ата Заң арасындағы айырмашылықтың өте көп екенін де атап өтті. «Жаңа Конституция жобасы – ел азаматтарынан, сарапшылардан, қоғам белсенділерінен және түрлі ұйымдардан түскен ұсыныстар мен бастамалардың нәтижесі. Сонымен бірге, ұзақ талқылаулардың жемісі», – деді Мемлекеттік кеңесші.
Жаңа Конституция жобасы тарихи сабақтастықты сақтай отырып, мемлекеттік тілдің мәртебесін заңдық тұрғыда бекітіп, елдің ұлттық бірегейлігін нығайтуға бағытталған. Бұл қадам Қазақстанның құқықтық жүйесін заманауи стандарттарға сәйкестендіріп, қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді арттырады.




