«XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік сайысының Ұлытау облысындағы іріктеу кезеңі жоғары деңгейде өтіп, өңірдің ең білімді әрі алғыр оқушылары анықталды. Байқау қорытындысы бойынша Жезқазған қаласындағы Абай атындағы мектеп-лицей ерекше нәтижеге қол жеткізді.
Республикалық кезеңге жолдама алған бес талапкердің үшеуі осы білім ордасының шәкірттері. Бұл – аталған мектептің білім сапасы мен оқушыларды дайындау деңгейінің жоғары екенін көрсетеді. Ал қалған екі жолдама Жезқазғандағы Білім-инновация лицейінің және Сәтбаев қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-лицейдің оқушыларына бұйырды. Енді олар зияткерлік сайыстың ақтық кезеңінде Ұлытау облысының намысын қорғайды.
Облыстық іріктеу кезеңінде ең жоғары ұпай жинаған бес оқушының қатарында Жезқазған қаласындағы Абай атындағы мамандандырылған мектеп-интернаттың оқушысы Гүлім Бақытова да бар. Ол химия пәніне ерекше қызығушылық танытып, болашақта жаратылыстану бағытында ғылыми жаңалық ашуды армандайды. Алғыр оқушының бұл жетістігі – табанды еңбектің, үздіксіз ізденістің нәтижесі.
Зияткерлік сайысқа қатысқан оқушылардың білім деңгейі, логикалық ойлау қабілеті мен көшбасшылық қасиеттері жоғары бағаланды. Мұндай байқаулар жастардың әлеуетін ашып, ел болашағына сеніммен қарауға мүмкіндік береді.




