Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Нұртас Қарипбаев облыстық Кәсіпкерлер палатасы алаңында өңір кәсіпкерлерімен кездесу өткізді. Жиынға кәсіпкерлер, салалық кеңестердің төрағалары және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасы және оның өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына беретін мүмкіндіктері кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, жаңа бірпалаталы Парламент – Құрылтайды құру, жалпыұлттық диалогтың жаңа алаңы – Қазақстанның Халық Кеңесін қалыптастыру, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін күшейту сияқты негізгі жаңашылдықтарға ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар, кәсіпкерлер аграрлық сектор, өңдеу өнеркәсібі, шағын және орта бизнес, көлік және логистика салаларындағы өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, ұңғымаларды бұрғылау, су айдындарын күрделі жөндеу және балық шаруашылығын дамыту, мал азығын субсидиялау, «Жезқазған – Қарағанды» бағыты бойынша әуе қатынасын қалпына келтіру, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына байланысты сауда нысандарын жоспардан тыс тексерулер, сондай-ақ «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушыларды қажетті ғимаратпен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Кездесу барысында жергілікті тауар өндірушілер мен ірі қала құраушы кәсіпорын арасындағы ынтымақтастықты нығайту және сатып алуды ұзақ мерзімді жоспарлау жүйесін қалыптастыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Бұл бағыт өңір кәсіпорындарының тұрақты дамуына және жергілікті өндірісті қолдауға мүмкіндік береді.
Жиын қорытындысында ашық әрі сындарлы диалог билік пен бизнес арасындағы тиімді өзара іс-қимылдың маңызды тетігі екені атап өтілді. Алдағы уақытта осындай кездесулерді тұрақты түрде өткізу және кәсіпкерлермен тығыз байланыста жұмыс жүргізу арқылы облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін одан әрі дамыту жоспарланып отыр.



