Жезқазған қаласында байдарка мен каноэда ескек есушілерді даярлайтын жаңа спорт мектебі пайдалануға берілді. Заманауи талаптарға сай салынған қос қабатты ғимаратта спортшылардың жан-жақты дайындалуына барлық жағдай қарастырылған. Мұнда теориялық сабақтарға арналған оқу сыныптары, жаттығу залдары, жуыну және киім ауыстыру бөлмелері жабдықталған. Осы уақытқа дейін өңір спортшылары аталған спорт түрімен тек жаз мезгілінде ғана шұғылданса, енді жаңа нысанның ашылуымен жыл бойы жаттығу жасауға мүмкіндік туды.


Сонымен қатар қыс мезгілінде ескек есушілердің шаңғы спорты арқылы жалпы дене дайындығын жетілдіруіне де қолайлы жағдай жасалып отыр. Бұл – спортшылардың кәсіби шеберлігін арттырып, республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтижеге қол жеткізуіне негіз болмақ. Ашылу салтанатында Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков ескек есу спортының өңір үшін тарихи маңызы зор екенін атап өтті.
«Ескек есу спорты да аймағымызда өзіндік орны бар, талай дарынды спортшыларды түлеткен сала. Бүгінгі жаңа мектеп – сол игі дәстүрдің жалғасы. Біз жас спортшылардың кәсіби тұрғыда өсуіне, халықаралық ареналарда ел намысын қорғауына барлық қажетті жағдайды жасай береміз», – деді өңір басшысы. Айта кетейік, бүгінде Ұлытау облысында бүгінгі таңда 9 жаңа спорт кешені пайдалануға беріліп, спорттық инфрақұрылым 25 пайызға жаңартылды. Бұл – бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі.




