Дастан Рыспеков өңірімізде өтіп жатқан шахматтан Қазақстан Республикасы чемпионатының ойындарын тамашалап, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Іс-шара барысында облыс әкімі былтырғы ел чемпионатында алтын медаль жеңіп алған ұлытаулық шахматшы Мақсат Байсалбековке естелік қаламсап табыстап, алдағы жарыстарда да биік белестерді бағындыруына тілектестік білдірді.
Чемпионат аясында өңір басшысы жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін робот-шахматшымен символикалық партия ойнады. Аймақ басшысы қатысушылардың шеберлігіне жоғары баға беріп, мұндай зияткерлік жарыстардың жас буынның ой-өрісін кеңейтіп, бәсекеге қабілетін арттырудағы маңызын атап өтті.
«Бұл заманауи кешен ірі чемпионаттарды өткізу үшін арнайы салынды. Енді спорттың бірнеше түрі бойынша республикалық деңгейдегі ауқымды сайыстар ұйымдастыруға толық мүмкіндігіміз бар. Өңіріміз еліміздің дәл орталығында орналасқан. Сондықтан мұндай маңызды іс-шаралардың санын арттыруымыз қажет», – деді облыс әкімі.
Айта кетейік, шахматтан ҚР чемпионаты Жезқазған қаласында 16–22 ақпан аралығында өтуде. Жарысқа еліміздің барлық өңірінен 100-ге жуық спортшы қатысуда. Ұлытау облысынан 11 шахматшы бақ сынап жатыр.




