Конституция жобасы адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекеттің ең жоғары құндылықтары ретінде айқындайтын қағидаттан басталады. Аталған норма мемлекеттің қызметі мен оның институттарының негізгі бағытын белгілей отырып, адам құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған нақты құқықтық кепілдіктер жүйесінің қалыптасуына негіз болады.
Құжатта мемлекеттіліктің өзгермейтін негіздері бекітіледі. Оларға егемендік, аумақтық тұтастық, басқару нысаны және конституциялық құрылыстың іргелі қағидаттары жатады. Бұл нормалар мемлекеттің тұрақтылығы мен құқықтық сабақтастығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ саяси жүйенің беріктігін сақтауға бағытталған.
Конституция жобасында президенттік мандаттың бір жеті жылдық мерзіммен шектелуі көзделеді. Мұндай реттеу мемлекеттік биліктің болжамдылығын арттырып, басқару жүйесінде институционалдық жауапкершілікті күшейтуге ықпал етеді. Президент өкілеттігінің уақытша сипаты биліктің шоғырлануын шектеу тетігі ретінде қарастырылады.
Жобадағы маңызды жаңалықтардың бірі – Конституциялық соттың өкілеттіктерін кеңейту. Конституциялық бақылау тетіктерінің күшеюі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың қосымша құқықтық құралдарын қалыптастырады. Азаматтарға нормативтік құқықтық актілерге тікелей дау айту мүмкіндігінің берілуі олардың құқықтық қорғалу деңгейін арттырады.
Осы өзгерістердің нәтижесінде мемлекет пен азамат арасындағы ықтимал қайшылықтар саяси немесе әкімшілік жолмен емес, құқықтық рәсімдер арқылы шешіледі. Бұл құқық үстемдігі қағидатын нығайтуға және құқықтық мемлекеттің институционалдық негіздерін одан әрі дамытуға бағытталған.
Қорытындылай келе, Конституция жобасындағы адамға бағдарлану қағидаты мен конституциялық бақылау институтының күшеюі мемлекеттік басқарудың құқықтық сипатын арттырып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың тиімді тетіктерін қалыптастыруға негіз болады.




