Ұлытау облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Open Air Senbilik фестивалі форматында ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Шараға жергілікті атқарушы органдарға қарасты мекемелердің қызметкерлері қатысып, өңір аумағын тазарту жұмыстарына белсене атсалысты.
Сенбілікке 300-ге жуық адам жұмылдырылып, 6 арнайы техника тартылды. Нәтижесінде 5 гектар аумақ қоқыстан тазартылып, 77 тонна тұрмыстық қалдық шығарылды.
Іс-шара ерекше форматта өтіп, тазалық жұмыстары фестивальдік бағдарламамен ұштастырылды. Қатысушыларға таңғы жаттығу ұйымдастырылып, кір тасын көтеру сайысы, жанды дауыстағы әндер және түрлі көңілді ойын-сауық бағдарламалар ұсынылды. Сонымен қатар қатысушыларға жеңіл ас-ауқат пен сусындар беріліп, ең үздік учаске байқауы өткізілді.
Сенбілік барысында белсенділік танытқан мемлекеттік мекемелер анықталып, оларға арнайы сертификаттар мен сыйлықтар табысталды.
Айта кету керек, шараға тек қызметкерлер ғана емес, тұрғындар да балаларымен бірге қатысты. Сондай-ақ қала кәсіпкерлері де қолдау көрсетіп, қатысушыларға сусындар таратты.
Open Air Senbilik фестивалі өңірде экологиялық мәдениетті нығайтуға және қоғамды ортақ іске жұмылдыруға бағытталған ерекше әрі мазмұнды шара ретінде ұйымдастырылды.




