Сағынкүл Тоғызбайқызы мен үшін «Сарыарқа» газетінде тізе қоса еңбек еткен әріптес қана емес, жаны жақын аяулы да асыл жан еді. Мен ол кісіні әрдайым «тәте» немесе «Сәке» дейтінмін. Ғұмырында ашуланып көрмеген де шығар.Солай ойлаймын, өйткені, бірде бір рет әлденеге «бұрқылдап» отырғанын байқамаппын. Қашан болсаң, сабырлы қалпынан бір жазған емес.

Сәкең бүкіл ғұмырын журналистика саласына арнады. Мамандығына адалдығы болар. Сол саладан зейнет демалысына шықты. Бірақ, қоғамнан шеттеп кетпеді. Ардагерлер жұмысын насихаттауға белсене араласты. «Біздің Сәкеңнің, бұрынғы идеолог кісі ғой, содан ба екен тапсырмасы таусылмайды, орындау керек, соған материалдар жинастырып жүрмін» дейтін кейде ара –тұра хабарласып қалғанда.«Сәкең» дегені облыстық Ардагерлер Кеңесінің төрағасы Сағындық Қожамсейітов ағамыз екені түсінікті.
2023 жылы Сағынкүл Жантуринаға «Қазақстанның Құрметті журналисі» атағы берілді. Бұл хабарды сол тұста облыс әкімінің баспасөз қызметінде жүрген В. Романенковтың Фейсбук әлеужелісінен көре салысымен тәтеме телефон соғып, құттықтадым.
Тәтем сенбейді. «Қандай атақ? Түк түсінбедім. Абдолла, сенің менімен ойының жоқ еді ғой, қалжыңдап тұрсың ба?» дейді. « Өзіңіз айтып тұрсыз ғой, сізбен қалжыңым жоқ, жаңа әлеужеліден көріп, өзіңізден сүйінші сұрап тұрғаным ғой» деймін. Бірақ, тәтемді бәрібір сендіре алмадым. «Шын болса, әрине, сүйіншің дайын, бірақ, менен ешкім құжат сұратқан жоқ қой. Ұсыныс жасау үшін менің құжаттарым керек емес пе?» джеген тәтемді ақыры сендіре алмадым.
Сөйтсем, кейін білгенімдей, сол тұста облыстық Қоғамдық даму басқармасында қызмет атқаратын ГүлшатӘшірбекова тәтесіне «сюрприз» жасау ниетімен «Ардагерлр Кеңесі құрамының құжаттарын нақтылап жатыр едік, соған керек» деп сұратып алып, Қазақстан Журналистер одағына ұсыныс жіберген екен.
Қазақстанның Құрметті журналисі атағы тәтеме сол жылғы Журналистер күнінде табыс етілді. Салтанатты жиында тәтеммен бірге дастархандас болып отырғам. Ұялыға әлдебір хабар келіп түсті. Қарасам «Каспиголдқа» 10 мың теңге түсіпті. Сағынкүл тәтемнен екен. «Абдолла , енді ғана сендім, мынау сүйіншің!» деген лебізі де қоса келіпті. «Мұныңыз не? Керегі жоқ еді ғой» десем, «Жолы солай ғой, үйдегі кішкентай Дариғаңа кәмпит апарып бер» дейді ғой тәтем.
Сөйтіп, Гүлшат жасаған «сюрприздің» сүйіншісі маған бұйырып еді.
Абдолла Дастанов,
ҚР Ақпарат саласының үздігі.
"Жез. Вестник", 30.01.2026




