Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстан құрамасы қысқы Олимпиада ойындарына тоғызыншы рет қатысып отыр. Биыл ел атынан Олимпиадаға 36 спортшы – 18 ер адам және 18 әйел – лицензия алды. Бұл көрсеткіш 2022 жылғы Бейжің Олимпиадасымен салыстырғанда екі спортшыға артық.
Құрама құрамында тәжірибелі спортшылардың рөлі ерекше маңызды. Қысқы Олимпиада тарихында бес қазақстандық спортшы олимпиадалық тұғырға көтерілген. Солардың қатарында фристайл-могулшы Ю. Галышева бар. Ол Пхенчхан-2018 ойындарында қола жүлде жеңіп алған және бұл жолы бесінші рет Олимпиадаға қатысып отыр. Бұған дейін дәл осындай көрсеткішке шаңғышы Е. Володина-Антонова мен фристайлшы Д. Рейхерд қол жеткізген.
Сонымен қатар, шорт-трек шеберлері А. Ажгалиев пен Д. Никиша Олимпиадаға қатарынан төртінші рет қатысады. Бейжің-2022 ойындарында А. Ажгалиев 500 метр қашықтықта төртінші орын алып, тұғырдан бір қадам ғана қалдырған болатын. Д. Никиша соңғы екі әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп, өзінің жоғары деңгейін дәлелдеді.
Қазақстан құрамасында мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатының күміс жүлдегері М. Шайдоров және фристайл-могулдан әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері А. Городко да өнер көрсетеді.
2022 жылғы Олимпиадамен салыстырғанда бұл жолы қазақстандық спортшылар 10 спорт түрі бойынша бақ сынайды. Сонымен қатар, Қазақстан мәнерлеп сырғанаудан олимпиадалық жарыстарға қайта қатысып отыр.
Құраманың ең жас қатысушысы А. Асылхан фристайл-акробатикада өнер көрсетеді. Миландағы Олимпиада оның мансабындағы ең ірі жарыс болса да, спортшының Азия ойындарының күміс медалі бар.
Олимпиадаға Қазақстан атынан қатысатын 36 спортшының жартысы – 18 адам – алғашқы рет төртжылдықтың басты жарысына қатысып отыр. Дебютанттар қатарында 2024 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасының трамплиннен шаңғымен секіру чемпионы И. Мизерный бар.
Қазақстандық команда Милан-Кортината қысқы Олимпиадасында тәжірибелі спортшылар мен жас таланттардың үйлесімі арқылы жоғары нәтижелерге қол жеткізуге үмітті.




