Қазақстан 18 жылдық үзілістен кейін қысқы Азия ойындарын өткізу құқығына ие болды. Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, 2029 жылы өтетін X Қысқы Азия ойындары еліміз үшін халықаралық спорт аренасындағы әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеуге берілген маңызды мүмкіндік болмақ.
Бұл шешім Қазақстанның ірі халықаралық спорттық іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыра алатынын көрсетеді. Еліміз бұған дейін мұндай ауқымды жарыстарды табысты өткізген. Атап айтқанда, 2011 жылғы қысқы Азия ойындары Астана мен Алматы қалаларында ұйымдастырылып, халықаралық қауымдастық тарапынан жоғары бағаланған еді. Сол кезеңде салынған бірқатар заманауи спорт нысандары бүгінде де спортшыларды даярлауға, халықаралық жарыстар өткізуге және бұқаралық спортты дамытуға тиімді қызмет етіп келеді.
Қазақстанның тәжірибесі тек Азия ойындарымен шектелмейді. 2017 жылы елімізде Дүниежүзілік қысқы Универсиада жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтті. Сонымен қатар Қазақстанда қысқы спорт түрлерінен халықаралық жарыстар жыл сайын өткізіліп, елдің ең жоғары деңгейдегі бәсекелерді қабылдауға толық дайын екенін көрсетіп отыр.
Алдағы 2029 жылғы Қысқы Азия ойындарын өткізу қолданыстағы инфрақұрылым базасында жоспарлануда. Осыған байланысты жаңа ірі спорт нысандарын салу көзделмейді. Бар нысандар қысқы Азия ойындарының бағдарламасына енген спорт түрлері бойынша жарыстар өткізуге толық мүмкіндік береді. Бұл тәсіл экономикалық тұрғыдан тиімді болып, қолда бар инфрақұрылымды ұтымды пайдалануға жол ашады.
Айта кету керек, қазіргі таңда Қазақстанда қысқы олимпиадалық 13 спорт түрі қарқынды дамып келеді. Қысқы Азия ойындарын өткізу осы бағыттағы жүйелі жұмысты жандандырып, жас спортшылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға, сондай-ақ ел тұрғындары арасында салауатты өмір салтын кеңінен насихаттауға серпін береді.
2029 жылғы Қысқы Азия ойындары Қазақстан үшін спорттық жетістіктермен қатар, елдің халықаралық беделін нығайтып, туризм мен өңірлік инфрақұрылымның дамуына да оң әсерін тигізеді деп күтілуде.




