Ақын Қадыр Мырза Әлі атамыздың «Адамның шашқаны емес – тергені, алғаны емес – бергені қалады» деген сөзі бар. Маған бұл сөз Қаныш Имантайұлы Сәтбаев атамыз туралы айтылғандай көрінеді де тұрады. Өйткені...
Қаныш атамыздың елге, халыққа қызмет ету жолында жердің үстіңгі қабатынан ғана емес, астыңғы тереңінен де теріп ұсынған дүниесі қандай ғаламат болды десеңізші! Мұны күллі әлем біледі. Атамыздың елге, халыққа бергені ұшан – теңіз. Соның бәрі Ұлы ғалымның өмірдегі өшпес іздері емес пе? Ғылым Академиясы, Үлкен Жезқазған, мұнайлы Маңғыстау... айтып тауысу мүмкін де емес.

Мен ғалым атаның есімін өзіміздің мектептегі «Мұрагер» музейі арқылы алғаш рет неғұрлым жақынырақ білдім. Сосын Жезді кентіндегі «М. Төрекелдин атындағы тау – кен және балқыту ісі» музейіне арнайы барып, таныстым. Музейдегі көптеген экспонаттарды көрдім. Солардың бәрінен де Қаныш атаның қолтаңбасын көргендей болдым.
Деректер жинау барысында алып тұлғаның халқы үшін, елі мен жері үшін сіңірген ұшан - теңіз еңбегін танып, білдім. Бұл ақпараттар арқылы Қаныш Сәтбаев Жезқазған, Ұлытау, Жезді өңірлерінің іргетасын қалағаны және қоғамға пайдалы үлес қосқанына көз жеткіздім.
Осындай ұлы адамның өміржолында қаншама қиындықтарды еңсеруге тура келгенін білгенде арқам шымырлап кетеді. Қазіргі заман ағартушысы, ұлт жанашыры Санжар Керімбайдың «Қаныш және ғылыми майдан» кітабын тебіренбей оқу мүмкін емес. Мен осы кітаптың Сәтбаев қаласында өткен тұсаукесеріне Жездіден арнайы барып қатыстым. Содан соң Қаныштанушылар ұйымының мүшесі болып, тұлғаның ғылымдағы, өмірдегі жолын одан әрі білгім келе түсті. Сондықтан, Қаныш Сәтбаев туралы зерттеу жұмыстарымды жалғастырып келемін.
Оқығандарымды ой елегінн өткізгенде түйгенім, тұлғаның қалыптасуы отбасындағы тәлім-тәрбиеге байланысты екен. Айталық, Имантай ақсақал кішкентай ұлы Қанышты қалай тәрбиелеген? Бала Қаныш мұсылманша хат танып, үйде оқыған жыр-аңыздарын айтудан әке алдында сынақ тапсыратын болған. Яғни, әкесі ұлының жүрегін ұлттық қазынамен толтырып тастаған. Сол ұлт рухы Қаныш Имантайұлын білімге ынталы, қиындыққа төзімді, мақсатына жету жолында жігерлі еткен. Міне, осының арқасында Қаныш ата Сәтбаев есімі әлемге аян тұлғаға айналған.
Мен біздің ақын – жазушылардың Қаныш ата туралы жазған өлеңдерін, шығармаларын да оқимын. Соның бірінде:
«Ақыл-ойдан жүк тиеп теңіздейін телегей
Желді күні желкенсіз жеке жүзген кемедей,
Менменсінген Мәскеуді, Парижді де такаппар
Таң қалдырған кім еді,
Қаныш аға,
Сен емей!?
Құландайын шөл кешіп, құдық қазып инемен,
түйін түйіп ағаштан, түйе жасап түймеден,
Қазақстан ырысы — Қарсақпайдың мырышын
кім деп едің,
Сен емей,
саз балшықтай илеген!
Әлдекімдер қанденше үре шығып іргеден,
кездерде де қалың ел қадіріңді білмеген,
Ұлылықтың алдында ұлықтың да дәрменсіз
болатынын,
Сен емей,
дәлелдеген кім деп ең!?» деген жолдар көзіме шалынды. Меніңше, Қаныш Сәтбаев тұлғасын бұдан артық суреттеу мүмкін де емес секілді.
Қ.И.Сәтбаевтың ғибратты ғұмырын насихаттай отырып, артына өшпес із, асыл мұра қалдырған ұлы тұлғаны еліміздің әрбір азаматы танып, білуі тиіс. Ұлы тұлғаның сара жолын жалғастыру – бүгінгі ұрпақтың қасиетті борышы. Елінің қамын жеген, нар тұлғалы азамат болып қалыптасу – Қаныштай алыптардың аманаты деп білемін.
Ақниет Жұмабек,
«№6 Тірек мектебі (РО)» КММ-сінің 11- сынып оқушысы.
Ұлытау ауданы




