2026 жылғы 19 ақпан
Вашингтон қ., АҚШ
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Вашингтон қаласында Америка Құрама Штаттарында тұрып жатқан және білім алып жүрген қазақстандық азаматтармен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы жас ұрпаққа үлкен үміт артатынын атап өтті. Ол мемлекет тарапынан жастардың жан-жақты дамуына, сапалы білім алуына және кәсіби тұрғыдан өзін-өзі жүзеге асыруына барлық жағдай жасалып отырғанын жеткізді. Президенттің айтуынша, ел болашағы – білімді, бәсекеге қабілетті әрі отансүйгіш жастардың қолында.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы наурыз айында өтетін Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы бойынша республикалық референдумға тоқталды. Ол бұл саяси науқанның еліміздің болашағы үшін тарихи маңызға ие екенін ерекше атап өтті.
Өз кезегінде студенттер мен жас ғалымдар ғылым мен білім саласына көрсетіліп жатқан жан-жақты қолдау үшін Президентке алғыс білдірді. Олар шетелде жүрсе де, Қазақстанның дамуына үлес қосуға дайын екендерін жеткізді.
Кездесу ашық әрі еркін форматта өтіп, қатысушылар көкейлеріндегі сауалдарын қойып, пікір алмасты.




