Мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан «Оңтүстіктен Солтүстікке» ерікті қоныс аудару бағдарламасы аясында Қызылорда облысынан қоныс аударған отбасы бүгінде Жезқазған қаласында тұрақты өмір сүруде. Бағдарламаның нақты тиімділігін көрсететін бұл отбасы жаңа өңірге бейімделіп, еңбек нарығына табысты түрде кірігіп отыр.
Отбасы отағасы Ырысбек Өмірбай «Е-қызмет» онлайн платформасы арқылы бос мемлекеттік лауазымға өтінім беріп, нәтижесінде мемлекеттік қызметке орналасты. Қазіргі таңда отбасы Ұлытау облысы аумағынан тұрғын үй мәселесін шешуді жоспарлап отыр.
Жалпы аталған бағдарлама аясында соңғы екі жылда Ұлытау өңіріне 56 отбасы қоныс аударды. Оның ішінде 2025 жылы 27 отбасы, яғни 111 адам көшіп келген. Ал 2026 жылы өңірге тағы 27 отбасын тарту жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіштер өңірдің демографиялық әлеуетін арттырумен қатар, еңбек ресурстарын толықтыруға да оң әсерін тигізуде.
Айта кетейік, қоныс аудару бағдарламасы аясында әр отбасы мүшесіне 300 мың теңге көлемінде бір реттік материалдық көмек көрсетіледі. Сонымен қатар бір жыл бойы тұрғын үйді жалға алу шығындарын өтеу үшін ай сайын 100 мың теңге көлемінде қаржылай қолдау беріледі.
Аталған бағдарлама халықтың көші-қон теңгерімін реттеуге, өңірлер арасындағы әлеуметтік-экономикалық айырмашылықты азайтуға және қоныс аударушыларға жаңа мүмкіндіктер ұсынуға бағытталған. Ұлытау өңірі бұл бастаманы табысты жүзеге асырып, жаңа тұрғындар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруды жалғастыруда.




