Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов жаңа Конституция жобасын талқылау аясында халыққа ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру мәселесіне арналған кеңес өткізді. Жиынға Үкімет мүшелері мен өңір әкімдері қатысты.
Кеңес барысында Премьер-министр жаңа Конституция жобасының мазмұны мен маңызын азаматтарға жан-жақты әрі түсінікті жеткізу қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты барлық деңгейдегі министрліктер мен әкімдіктерге ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту, қоғаммен кері байланысты жандандыру және әрбір азаматтың ұсынылып отырған өзгерістердің мәнін дұрыс түсінуіне жағдай жасау тапсырылды.
Сонымен қатар, жиында жалған ақпарат пен бұрмаланған мәліметтердің таралуына қарсы күрес мәселесіне ерекше назар аударылды. Қазіргі таңда әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде шындыққа сәйкес келмейтін, арандатушылық сипаттағы жарияланымдардың тіркеліп отырғаны айтылды. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігіне «Заң мен тәртіп» қағидатына сәйкес, жалған ақпарат таратқандарға қатысты қатаң құқықтық шаралар қабылдап, заң аясында жауапкершілікке тартуды қамтамасыз ету тапсырылды.
Премьер-министр ақпараттық кеңістікте ашықтық пен дәлдіктің маңызын атап өтіп, ресми ақпарат көздеріне сүйену қажеттігін еске салды. Мемлекеттік органдардың басты міндеті – қоғамға уақтылы, нақты және түсінікті ақпарат ұсыну екені айтылды.
Жаңа Конституция жобасын түсіндіру бойынша жүргізілетін ақпараттық жұмыстарды үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға жүктелді. Тиісті министрліктер мен өңірлік әкімдіктер бұл бағыттағы жұмыстарды бірлесіп жүзеге асыратын болады.
Кеңес қорытындысы бойынша, жаңа Конституция жобасын кеңінен талқылау және халыққа түсіндіру – қоғамдық келісімді нығайтуға, азаматтардың құқықтық санасын арттыруға және реформалардың тиімді іске асуына ықпал ететіні атап өтілді.




