Қазақстан Республикасында жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформа аясында азаматтардың пікірін ескеру басты басымдықтардың бірі болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, былтыр қазан айынан бастап азаматтарға өз көзқарасын білдіруге толық мүмкіндік берілді.
Осы кезең ішінде eGov және eOtinish мемлекеттік цифрлық платформалары арқылы бірнеше мың ұсыныс келіп түсті. Аталған бастама халық пен мемлекет арасындағы өзара байланысты нығайтып, қоғамның реформаларға белсенді қатысуына жол ашты.
Түскен өтініштердің барлығы Конституциялық комиссия тарапынан мұқият қаралып, жан-жақты сараланды. Соның нәтижесінде конституциялық өзгерістер мен толықтырулар бойынша тиісті түзетулер әзірленді. Комиссия жұмысы барынша ашық форматта жүргізілді.
Мемлекет басшысы реформаларды талқылау үдерісінің ашықтығын ерекше атап өтті. Бұрын-соңды елімізде бірде-бір реформа дәл осындай деңгейде кеңінен талқыланып, тікелей эфир арқылы жұртшылық назарына ұсынылмаған.
Конституциялық реформа барысында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты іс жүзінде жүзеге асырылды. Цифрлық платформалар азаматтармен кері байланысты қамтамасыз етіп, байланыс желілерінің тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік берді.
Жалпыұлттық ауқымда өткен бұл талқылау Әділетті Қазақстан құру жолындағы маңызды қадам болып табылады. Қоғамдық қатысудың кеңеюі мемлекеттің ашықтығын арттырып, жүргізіліп жатқан реформалардың қоғамдық маңызын айқындай түсті.




