Бүгін Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековтің төрағалығымен облыстық актив отырысы өтті. Жиын барысында елімізде жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформаның негізгі бағыттары кеңінен талқыланды.
Отырыста Мемлекет басшысының бастамасымен әзірленген жаңа Конституция жобасы туралы айтылып, оның ашық әрі жария түрде қоғам талқысына ұсынылғаны атап өтілді. Конституциялық реформаның басты мақсаты – «Әділетті Қазақстан» қағидаттарын іске асыру, заң мен тәртіпті нығайту, адал азамат пен таза қоғам құндылықтарын қалыптастыру екені жеткізілді.
Жаңа Конституция жобасында бірқатар маңызды өзгерістер көзделген. Атап айтқанда, бір палаталы Парламент – Құрылтай моделін енгізу ұсынылып, қоғамдық диалогты күшейтетін жаңа институттарды қалыптастыруға басымдық берілген. Сонымен қатар Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар тек жалпыхалықтық референдум арқылы енгізілетіні белгіленді.
Жиын барысында конституциялық реформаны халық арасында кеңінен түсіндірудің маңыздылығына ерекше назар аударылды. Осыған байланысты облыс әкімінің орынбасарларына, қала және аудан әкімдеріне түсіндіру жұмыстарын күшейту, ақпараттық кеңістікте жалған ақпараттың алдын алу және бұқаралық ақпарат құралдарымен жүйелі түрде жұмыс жүргізу тапсырылды.
Айта кетейік, алдағы уақытта өңірде тұрғындармен кездесулер, ақпараттық-түсіндіру шаралары ұйымдастырылып, конституциялық реформаның мәні мен маңызы жан-жақты жеткізілмек.




