Инвестиция – қаланың тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуының, өндірістік әлеуетінің артуының және тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастырудың негізгі факторы.
2025 жылдың қорытындысы бойынша инвестициялық көрсеткіштер мен 2026 жылға арналған жоспарларды талқылау мақсатында инвесторлармен жұмыс кездесуі өтті. Жиын барысында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі, іске асырылып жатқан жобалардың барысы және алдағы кезеңге арналған басым бағыттар қарастырылды.
2025 жылы негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 47,6 млрд теңгені құрады, нақты көлем индексі – 87,5%. Ал 2026 жылға арналған жоспарға сәйкес, негізгі капиталға инвестициялар көлемі 27,6 млрд теңге деңгейінде айқындалды.
Кездесу барысында бірқатар маңызды инвестициялық жобалар талқыланды.
Ұлытас-20 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырып жатқан асфальт-бетон зауытының құрылысына 2 млрд теңге көлемінде инвестиция салынды. Жоба аясында мемлекет тарапынан 5 гектар жер учаскесі бөлінді. Сонымен қатар, 398 мың АҚШ долларына ұсақтау кешені сатып алынып, қазіргі уақытта жеткізу жұмыстары күтілуде. Жобаны іске қосу 2026 жылдың сәуір айына жоспарланған.
Ulytau Dala ЖШС тарапынан күн электр станциясын салу жобасы жүзеге асырылуда. Аталған жобаға 750 млн теңге көлемінде инвестиция бағытталған. Бұл бастама өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін арттыруға және баламалы энергия көздерін дамытуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, Ulytau Osetr ЖШС бастамасымен рекреациялық акваөсіру және балық шаруашылығын дамыту жобасы қаралды. Жобаны іске асыру үшін 28 гектар жер учаскесінің схемасы ұсынылды. Бұл жоба агроөнеркәсіптік кешенді әртараптандыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді.
Инвестициялық мәртебе алу мақсатында тиісті құжаттар өңірлік үйлестіру кеңесінің қарауына енгізілді. Сонымен қатар, инвестициялық преференциялар алу, атап айтқанда заттай грант пен жер учаскесін рәсімдеу үшін құжаттар топтамасын толықтыру жұмыстары жоспарлануда.
Жиын қорытындысы бойынша 2026 жылға арналған инвестициялық жоспарды қайта қарау, инвестициялар көлемін ұлғайту және жаңа жобаларды тарту арқылы қаланың экономикалық тартымдылығын арттыру міндеттері белгіленді.
Қаланың дамуы – жүйелі инвестициялық саясат пен мемлекеттік қолдау шараларының тиімді жүзеге асырылуына тікелей байланысты.




