Б.Бұлқышев атындағы кітапхана залында қала ақсақалдары мен зиялы қауымының бір топ өкілдерімен кездескен Мұрат Ерболатұлы биылғы жылы Қаныш қаласында атқарылуға жоспарланған жұмыстардың жобалары туралы айтып берді.
Биылғы жылға жоспарланған жұмыс ауқымды көрінеді. Әсіресе, қала жолдарвын жөндеуге баса мән берілетіні байқалды. Өйткені, 25 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар қаланың әр бөлігін қамтиды. Нақты айтқанда, Молдағұлова, Мәңгілік Ел, Құрманғазы, Аманжолов, Байсейтова, Шаталюк, Иманов, Ұлытау, Абай көшелері және басқа да маңызды көшелер жөнделеді. Мектеп маңындағы жолдар мен орталық көшелер де назардан тыс қалған жоқ.
Жалпы қаладағы құрылыс жұмыстарын біріздендіру қолға алынбақ. Яғни, ендігі жерде қалада салынатын әрбір жаңа нысан – тұрғын үй болсын, әлеуметтік немесе кәсіпкерлік нысан болсын – заңмен бекітілген жоспарлар аясында ғана жүргізіледі. Бұл – қаланың жүйелі дамуы мен тұрғындардың қауіпсіздігі үшін аса маңызды. Сондықтан да, 2026 жылы қала дамуын айқындайтын бірқатар қала құрылысы құжаттамалары әзірленіп, бекітілетін болады.
- Біз қаланың Бас жоспарына түзету енгізу қажеттігін сезіндік. 2025 жылдың екінші жартыжылдығынан бастап Сәтбаев қаласының Бас жоспарына түзетулер енгізіліп, жаңадан өңделді. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында аталған Бас жоспар мемлекеттік сараптамадан өткізіледі - деді қала әкімі.
2025 жылдан бастап қалада дизайн-код жобасын әзірлеу жұмыстары басталған еді. Қазір көптеген ғимараттар осы Дизайн – код талаптарына сәйкестендіріліп те жатыр. Ал, Дизайн – кодтың талабы қандай?
Бұл дегеніміз - ғимараттардың сыртқы келбеті, фасадтардың түсі, жарнамалар мен маңдайшалар, қоршаулар, терезе пішіндері, көгалдандыру элементтері бойынша ортақ стильдік талаптарды белгілейтін нормативтік құжат.
Бұл құжат қаланың бейнесін ретке келтіріп, әр нысанның өз бетінше салынуына жол бермей, сәулеттік тұтастықты сақтауға бағытталған.
Осы мақсатта 2026 жылы Ұлытау көшесі, Ерден көшесі бойынша дизайн-код жобалары әзірленетін болады. Аталған жобалардың жүзеге асырылуы Сәтбаев қаласының заманауи, жинақы, көзге жағымды қалалық орта ретінде қалыптасуына негіз қалайды.
Сонымен қатар биыл аумағы 388 гектарды құрайтын Сәтбаев қаласының өндірістік аймағының және қаланың Батыс ауданының егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары қолданысқа енгізіледі. Алдағы кезеңде қаланың Шығыс ауданының егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы да жаңадан әзірленеді.
Қала басшысы алдағы уақытта қалада әлдебір құрылыс салуға арналған жер телімдерін беру ашықтық пен әділдік қағидаттарына негізделетінін жеткізді. Яғни, көпқабатты тұрғын үйлер салуға, шағын және орта бизнес нысандарын орналастыруға арналған бос жер телімдері электронды форматта, тоқсан сайын өткізілетін аукциондар арқылы сатылымға шығарылатын болады.
Бұл не үшін керек? Әрине, мұндай әдіс сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады, барлық кәсіпкерлерге тең мүмкіндік береді, қаланың жоспарлы әрі заңды дамуын қамтамасыз етеді.
«Қаланың шын келбеті – онда өмір сүріп жатқан адамның көңіл күйімен, баланың күлкісімен, үлкеннің алғысымен өлшенеді. 2026 жылы қалалық ортаны дамытуда біз ең алдымен адамға бағытталған саясатты ұстанамыз» деген Мұрат Ерболатұлы биылдан бастап қала аумағында 20 заманауи балалар ойын алаңы орнату , 10 спорт және воркаут кешені іске қосу, көп жылдан бері жөндеу көрмеген аулалар мен футбол алаңдары кезең-кезеңімен қалпына келтіру қолға алынатындығына тоқталды.
«Аула – тәрбиенің алғашқы мектебі». Қала басшысы жас ұрпақты бос уақытын бей-берекет өткізуге емес, денсаулыққа, тәртіпке, бірлікке тәрбиелеу мақсатында, қаланың әр көшесі, әр бұрышы адамның демалысынақолайлылық тудыруы үшін атқарылатын іс – шаралармен таныстырды. Көше бойлары мен қоғамдық орындарда көгалдандыру жұмыстары күшейтіледі; суару жүйелері толық қалпына келтіріліп, жасыл желектің сақталуына жағдай жасалады, халық көп жиналатын орындарда Wi-Fi аймақтар іске қосылады, қаланың тынысын, жаңалығын көрсететін LED-экрандар орнатылады, ашық аспан астындағы кітапханалар арқылы рухани тынығу кеңістігі қалыптастырылады.
Қала үшін стратегиялық маңызы бар ең ірі жобалардың бірі – Сәтбаев қаласын газдандыру. 2026–2027 жылдары кезең-кезеңімен іске асатын бұл жоба мыңдаған тұрғын үйді, шағын және орта бизнес нысандарын, әлеуметтік мекемелерді табиғи газбен қамтамасыз етеді.
Биылғы жылы қала экономикасына 27,6 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Бұл – қағаз жүзіндегі сан емес, бұл – нақты жұмыс, нақты нысан, нақты табыс болады.
2026 жылы қалада кафе, мини-маркет, футбол залы, модульдік спорт залы сияқты 4 жаңа кәсіпкерлік нысан іске қосылады.
Бұл нысандар жаңа жұмыс орындарын ашып, жастарды спортқа, еңбекке, адал кәсіпке бағыттайды. Жұмыс бар жерде – тұрақтылық бар, тұрақтылық бар жерде – тыныштық бар.
Дәнді және көкөніс дақылдарын өсіру, 5 МВт күн электр станциясын салу секілді ірі жобалар іске қосылады.
Бұл – болашақты ойлаған шешім. Ертеңгі күні қаламыз өз азығын өзі өндіріп, энергия көзін үнемдеп пайдаланатын деңгейге жетуі тиіс.
Қазіргі кезде 2 296 азамат жеке үй салу үшін жер кезегінде тұр. қысқарту мақсатында Сәтбаев қаласының №8 шағын ауданында инженерлік-коммуникациялық желілерді тарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл – тұрғындарды жермен қамтамасыз ету ғана емес, олардың болашақта сол жерде толыққанды өмір сүруіне жағдай жасау.
2026 жылғы 5 қаңтардан бастап Сәтбаев қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және тасымалдау бойынша «Ұлытау ЭкоСервис» ЖШС-мен 10 жыл мерзімге, яғни 2026–2036 жылдарға шарт жасалды. Қызмет көрсету ақысы 2023 жылы бекітілген тариф бойынша жүзеге асырылады. Қалдықтарды үздіксіз шығару үшін 5 арнайы техника, 2 самосвал және 1 тиегіш жұмылдырылған. Қоқыс шығару жұмыстары күн сайын 08:00–19:00 аралығында жүргізілуде, алдағы уақытта бекітілген кесте енгізіледі. Сонымен қатар, ірі көлемді қоқысты шығару бойынша конкурс өткізіліп, жеңімпаз ретінде «ПМК-2011» ЖШС анықталды. Бұл жұмыстар қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған.
Қала әкімінің атқарылатын жұмыстар жөніндегі сөзін тыңдаған ақсақалдар, зиялы қауым өкілдері жоспарланған жобаларға аса бір қызығушылықпен қарап, өздерінің кейбір ойларын ортаға салды. Шынында да, кейінгі кездері көптеген шаруалар атқарылды. Алға қойған міндеттер тіпті ауқымды. Бірақ...

Сол жиындағы Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайының қызметкері Гүлсара Қоңырбайқызының сөзі көпшіліктің көкейіндегісін тап басып айтқан сөз болды.
-Қалада кейінгі жылдары көп жұмыстар атқарылды. Мұны тек тырнақшаның ішіндегі құлағы саңыраулар ғана естімейді, көзі соқырлар ғана көрмейді. Әйтпесе, қала халқының ризашылығын біліп те, көріп те жүрміз. Өкінішке орай, соны көргісі келмейтіндер бар. Әлеужеліге оңды – солды бұрқыратып жазады да жатады. Айналайын, Мұрат інім, ондайлардың сөзі не, өзі не? Сен оларға мән берме, жүрегіңді сақта, жұмысыңды алға жүргізе бер – деді ол.
Барды бар, жоқты жоқ деп айтуғка ешкім де қарсы емес. Бірақ, барды жоққа шығару дұрыс емес. Бұл орайда Г. Қоңырбайқызының сөзі өте орынды естіледі.
Жүздесуді қорытындылаған қала басшысы жұмыс барысында кемшіліктің де болмай қоймайтьынын, сынның да айтыла беретініне тоқталып, ең бастысы, бірлігіміз бұзылмасын, бірлікті тірлігіміз ғана берекеге бастайтынын ұмытуға болмайтынын атап өтті.
- Ешбір жоспар бірлік пен қолдаусыз жүзеге аспайды. Сәтбаев – тарихы бар, еңбегі бар, болашағы бар қала. Біздің міндет – сол болашақты бірге қалыптастыру. Сіздердің ақ баталарыңыз, әділ сындарыңыз бен ақыл-кеңестеріңіз бізге әрдайым бағыт-бағдар болады. Бірлігіміз бекем болса – Сәтбаевтың келешегі кемел болады - деді қала әкімі.
Абдолла Нұртауұлы.




