Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Respublika» партиясы фракциясының жетекшісі Айдарбек Қожаназаров конституциялық реформа аясында ұлттық валютаның мәртебесін Ата заңда бекіту бастамасының маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, бұл өзгеріс еліміздің экономикалық тәуелсіздігін институционалдық деңгейде айқындауға мүмкіндік береді.
Депутат ұлттық валюта кез келген мемлекеттің егемендігі мен қаржылық қауіпсіздігінің негізгі тіректерінің бірі екенін атап өтті. Сондықтан оның мәртебесін Конституцияда нақтылау Қазақстанның дербес экономикалық саясат жүргізу ұстанымын күшейтеді.
«Ұлттық валютаның конституциялық деңгейде бекітілуі — елдің экономикалық дербестігін жариялау ғана емес, оны құқықтық тұрғыда қорғау тетігін қалыптастыру. Бұл қадам мемлекеттің қаржы жүйесіне деген сенімді арттырып, ұзақмерзімді тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған», — деді Айдарбек Қожаназаров.
Оның пікірінше, бұл норма ұлттық экономиканы сыртқы тәуекелдерден қорғауға, ақша-несие саясатының тиімділігін арттыруға және қаржы жүйесінің орнықтылығын күшейтуге ықпал етеді. Сонымен қатар, ұлттық валютаға деген қоғамдық сенімнің артуы экономикалық дамудың маңызды факторына айналады.
Айдарбек Қожаназаров конституциялық реформалар Қазақстандағы саяси және экономикалық жүйені жаңғыртуға бағытталғанын атап өтті. Ұлттық валютаның мәртебесін Ата заңда бекіту осы реформалардың логикалық жалғасы болып, мемлекеттің жауапты әрі тәуелсіз даму жолын айқындайды.
Депутаттың айтуынша, мұндай бастамалар Қазақстанның болашағына бағытталған және елдің экономикалық қауіпсіздігін нығайтуға қызмет етеді. Ол қоғамды аталған реформаларды қолдауға шақырып, олардың ел дамуына оң әсер ететініне сенім білдірді.



