Тәуелсіздік – ұлттың ең басты байлығы, халықтың сан ғасырлық арман-мұраты. Ал сол тәуелсіз мемлекеттің берік іргетасы – республикалық басқару жүйесі. Қазақстан үшін «республика» ұғымы тек саяси құрылым емес, ол елдің азаттыққа ұмтылған күресінің нәтижесі, халықтың егемендікке қол жеткізгенін білдіретін тарихи әрі рухани ұғым. Сондықтан да «Республика – тәуелсіздіктің тұғыры» деп нық айтуға толық негіз бар.
«Мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі — халық», — деп нақты жазылған. Яғни, елдің саяси, экономикалық және әлеуметтік бағыттары халықтың еркімен, олардың таңдауымен айқындалады. Бұл – республикалық басқару жүйесінің басты ұстанымы.
Республика күні – тек мемлекеттік мереке ғана емес, ол – халықтың бірлігі мен рухының символы. Бұл күнде еліміздің өткен жолына көз жүгіртіп, болашаққа сеніммен қарауымыз керек. Бүгінгі бейбіт күннің, тұрақты дамудың және халықаралық деңгейде мойындалған беделдің негізінде – республикалық басқару жүйесі жатыр.
Қазақстан Тәуелсіздігін жариялағаннан кейін алдымен өзінің мемлекеттік басқару құрылымын бекітті. Президенттік басқару формасын таңдады, Конституция қабылданды, мемлекеттік рәміздер бекітілді. Бұл реформалардың барлығы республикалық жүйенің нығаюына бағытталды.
Қазіргі таңда Қазақстан — дамушы елдердің қатарында экономикасы өсіп, саяси тұрақтылығы қалыптасқан, халықаралық аренада беделі бар мемлекет. Мұндай жетістікке жетуде республикалық басқару формасының рөлі зор.
Елімізде жүзден аса этнос өкілі тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Бұл – елдегі заңның үстемдігі мен басқару жүйесінің әділеттілігінің айғағы. Республикалық құрылым негізінде Қазақстанда азаматтық қоғам қалыптасып келеді. Мемлекет пен халық арасында ашық диалог орнатылуда. Бұл – демократия жолындағы маңызды қадамдар.
Республика – бұл тек басқару жүйесі ғана емес, ол – болашақ ұрпаққа аманат. Бүгінгі жас ұрпақ тәуелсіз елде дүниеге келіп, еркін оймен тәрбиеленуде. Олар – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын азаматтар. Сондықтан республика құндылықтарын жастар бойына сіңіру – маңызды міндет.
Мектептерде патриоттық тәрбие беру, ел тарихын оқыту, мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарауға баулу – республика рухын күшейтеді. Жастар ел тағдырына бейжай қарамай, өз болашағын елмен байланыстыра білсе, республиканың тұғыры ешқашан шайқалмайды.
Қорытындылай келгенде, Республика – бұл халықтың билікке қатысуы, заңның үстемдігі, адам құқықтарының қорғалуы. Қазақстан үшін республика – тек басқару формасы емес, ол – Тәуелсіздіктің тұғыры, мемлекеттің негізі, елдің болашағы. Осы тұғыр мықты болса, Тәуелсіздік те баянды болады.
Сондықтан біз үшін Республика күні – тек тарихи дата емес, елдігіміздің, еркіндігіміздің, бірлігіміздің символы. Осы мереке арқылы әрбір азамат өз Отаны үшін жауапкершілік сезініп, елдің гүлденуіне үлес қосуы тиіс.
Қазақстан Республикасы – Тәуелсіздіктің символы, бейбітшілік пен тұрақтылықтың мекені. Осы құндылықтарды сақтау – баршамыздың ортақ парызымыз.
Сәтбаев қаласының ішкі саясат бөлімінің
әдіскері А.Қиянбекова