Үйдегі сандықты ақтарып отырып, бір сурет тауып алдым. Бұл маған өткен күндерді еске түсірді.
Мен кішкентайымнан өлең – жырға, хисса – дастандарға үйір болдым. «Қобыланды батыр», «Қыз Жібек» т.б. дастандарды түрлі мақаммен мың құбылтып, мүдірмей айтатынмын. Содан мектепте жүргенімде «жыршы бала» атандым. Ал, «Ұлытау үні» фестивалі мені сол кездегі Жезқазған облысына танымал етті. Сол фестиваль маған Алматыда өнер көрсетуге де жолдама берді. Бұл -1990 жыл болатын.
Республика Сарайында «Наурыз» айтысы өтті. Бұған Жезқазған облысы өнерпаздарының бірі ретінде мен де бардым.Сол кезде жасым 14-15-тің шамасында еді. Ағадыр ауданы Жамбыл орта мектебінде оқушы болатынмын.
Өнерпаздардың арасындағы ең кішкентайы мен едім. Менің есімде Мұқаш ағамның Байжан Байжантаев екеумізге қарап: - Сендер бақыттысыңдар ғой, 15- 20 жастарыңда ару Алматыны көріп тұрсыңдар, біз болсақ, міне, шал болғанда әзер жеттік – деген сөзі жатталып қалыпты. Кейін қарасам, сол кезде «шал болып қалдық» деп тұрған М.Сейтқазинов ағамның жасы 35 –те ғана екен.
Сол уақыттағы айтыстардың кереметі тек ақындар ғана емес, әнші, жыршылар да, күйшілер де өнерлеін ортаға салатын. Мен сол жолы «Қыз Жібекті» орындадым. Айтыстың кейбір кездері де есімде. Мұқаш ағамызды «домбырпа тарта алмайды» деп алғашында айтысқа шығармай қойды. Тек үшінші күні ғана әрең дегенде сахнаға шықты. Талдықорғанның Айтақын Бұлғақов есімді ақыныменайтысты. Ғаламат айтыс болды. Зал қайта – қайта қол соғып отырғаны есімде.
Сол кезде мүйізіне бола киікті, жаудай қырып жатқан кез болатын. Мұқаш аға айтыста соны айтты. «Арқаны қаптап кетті тоқал киік» деген сөзі есімде қалып қойыпты. Ал, қазір далада киік қойдай өріп, құмырсқадай қаптап жүр. Бұл - сондағы ақын сөзінің биліктің құлағына жетіп, содан соң қабылданған шаралардың жемісі секілді. Өзім солай ойлаймын.
Жезқазғандағы азаматтармен хабарласқанымда Мұқаш ағаның 70-ке толып жатқанын білдім.
Той құтты болсын, Аға! Өмірде де, өнерде де өрден көріне беріңіз!
Сіздің тойға шашуым болсын деп, өзімнің Сіз тәрізді ағалардың ізіне еріп жүрген күндердің естелігі іспетті суретті газетке жолдап отырмын.
Інілік ілтипатпен : Мәнет Мағауов.
Қарағанды облысы,
Шет ауданы,
Қарабұлақ ауылы.
«Аймақ ақшамы» , 31.03.2026
Суретте: солдан оңға қарай алдыңғы қатарда отырғандар: жазушы Аппаз Қаражігітов, ақын Жеңіс Қашқынов, айтыс ақындары Көкен Шәкеев, Әлфия Орманшина, мәдениет қайраткері Қайырбек Сәдуақасов, түрегеп тұрғандар: айтыскер Дүйсенбай Жұмасейітов, ақын Бағдат Байжантаев, жыршы Мәнет Мағауов, ақындар Рамазан Сәттібаев, Иран Ильяшев, Мұқаш Сейтқазинов, мәдениет саласының қызметкері Бекназар Көжекбаев.




