Қызылорда қаласындағы халықаралық «Қорқыт ата» әуежайының өткізу қабілеті жылына 300 мыңнан 500 мың жолаушыға дейін ұлғайды. Бұл көрсеткіш – өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін нығайту мен жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыстардың нақты нәтижесі.
Жаңа терминал Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) және Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) ең жоғары стандарттарына толық сәйкес келеді. Бұл дегеніміз – жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығы, сапалы қызмет көрсету мен ұшу үдерісінің тиімділігі халықаралық талаптар деңгейінде қамтамасыз етілген деген сөз.
Әуежайдың заманауи инфрақұрылымы жолаушыларға барынша қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Мұнда тіркеу және тексеру аймақтары жаңартылып, күту залдары кеңейтілген, багажды автоматты түрде беру жүйесі орнатылған. Барлық инженерлік және техникалық шешімдер халықаралық тәжірибеге сай әзірленіп, экологиялық тиімділік пен энергия үнемдеу қағидалары ескерілген.
Қазіргі таңда «Қорқыт ата» әуежайынан Air Astana, FlyArystan және Qazaq Air авиакомпаниялары аптасына 29 тұрақты рейс орындайды. Бұл бағыттар Қызылорданы еліміздің ірі қалаларымен байланыстырып, тұрғындарға сапалы және қолжетімді әуе қатынасын қамтамасыз етеді. Болашақта халықаралық бағыттарды кеңейтіп, шетелдік әуе компанияларымен ынтымақтастық орнату жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, терминал аумағында «Қазаэронавигация» республикалық мемлекеттік кәсіпорны жаңа диспетчерлік мұнара мен әкімшілік-техникалық ғимараттың құрылысын жүргізуде. Бұл жоба әуе қозғалысын басқару сапасын жақсартып, ұшу қауіпсіздігін арттыруға зор мүмкіндік береді.
Мұндай ірі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асуы Сыр өңірінің көлік жүйесін дамытуға, туристік әлеуетін арттыруға, және инвестициялық тартымдылығын күшейтуге елеулі әсерін тигізеді. Қызылорда облысы елдің транзиттік орталықтарының біріне айналып, өңірге шетелдік және отандық инвесторлардың қызығушылығын арттыруда.
📍Қорқыт ата халықаралық әуежайының жаңа мүмкіндіктері – тек көлік инфрақұрылымының жетілдірілуі ғана емес, сонымен бірге өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды қадам. Бұл жоба – заманауи Қазақстанның қарқынды жаңғыруының және өңірлерді теңгерімді дамыту саясатының айқын көрінісі.
