Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасында шағын және орта бизнес жөніндегі салалық кеңестің отырысы өтті. Кездесуде қызмет көрсету саласында — кафе, мейрамхана, дүкен және басқа да мекемелерде мемлекеттік тілдің қолданылуын бақылауға қатысты өзекті мәселелер қаралды.
Отырыстың басты мақсаты — кәсіпкерлерге тіл саясаты саласындағы қолданыстағы заңнама нормаларын түсіндіру және оны іс жүзінде қолдану мәселелерін талқылау болды. Түсіндіру жұмыстарымен Ұлытау облысының Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бөлім басшысы Эльмира Жанпейсова және Ұлытау облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасы басшысының орынбасары Жасұлан Дәулетбаев сөз сөйледі.
Сауда нысандары мен бағаларға қойылатын жаңа талаптарға байланысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аясында кәсіпкерлік нысандарында тілдік стандарттардың сақталуы, сондай-ақ оларды іс жүзінде енгізу тетіктері талқыланды. Спикерлер тұтынушыларға арналған маңдайша жазуларды, мәзірлерді, прайс-парақтарды және өзге де ақпараттарды рәсімдеуге қойылатын заңнама талаптарына егжей-тегжейлі тоқталды.
Қызмет көрсету саласында мемлекеттік тілдің қолданылуы — қазақ тілінің мәртебесін нығайтуға және азаматтарға қолайлы тілдік орта қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі екені атап өтілді. Спикерлер бақылау шаралары заң аясында, бизнес мүдделерін ескере отырып және әкімшілік кедергілерге жол бермей жүргізілуі тиіс екенін ерекше атап өтті.
Отырысқа қатысушылар кәсіпкерлердің заңнама нормалары туралы хабардарлығын арттыру жолдарын және мемлекеттік органдар тарапынан қолдау көрсету тетіктерін де талқылады. Кездесу қорытындысы бойынша заң талаптарын түсіндіру және шағын мен орта бизнес өкілдеріне арналған оқыту семинарларын өткізу жұмыстарын жалғастыру туралы шешім қабылданды.
Отырыс конструктивті әрі іскерлік жағдайда өтіп, бизнес пен биліктің ашық диалог пен тіл саясаты саласындағы өзекті мәселелерді бірлесіп шешуге дайын екенін көрсетті.
