Жезқазған қаласында орналасқан Ұлытау облысының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде «Ашық есік күні» ұйымдастырылды. Іс-шара аясында өңір тұрғындарына жанжалдарды бейбіт жолмен шешу бойынша тегін құқықтық және консультациялық көмек көрсетілуде.
Шараның басты ерекшелігі – медиация рәсімдерін кеңінен түсіндіру және азаматтарға туындаған даулы мәселелерді сотқа жеткізбей шешудің тиімді жолдарын ұсыну. Медиация орталығының мамандары келушілерге жанжалдың түпкі себептерін анықтауға, түрлі көзқарастарды саралауға және өзара тиімді келісімге келуге бағыт-бағдар береді.
Азаматтар отбасылық кикілжіңдер, еңбек қатынастарына байланысты даулар және тұрмыстық сипаттағы келіспеушіліктер бойынша кәсіби көмек ала алады. Әрбір өтініш жеке қаралып, нақты жағдайға сәйкес шешу жолдары ұсынылады.
Ұйымдастырушылар мұндай форматтағы іс-шаралар қоғамдағы әлеуметтік шиеленісті төмендетуге, өзара құрмет пен түсіністікті нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.
Іс-шара Жезқазған қаласы, Шевченко көшесі, 36 мекенжайында, 3-қабаттағы 32-кабинетте сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін жалғасады.




