Өткен жылы қаладағы Байсейітова, Аманжолов және Құрманғазы көшелерінде кәріз желілерін толық жаңарту жұмыстары жүргізілді. Аталған көшелердегі кәріз жүйесі шамамен 30 жылға жуық уақыт бойы жаңартылмаған болатын. Осыған байланысты өткен жылы бұл аумақтарда күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынды.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде үш көшеде жалпы ұзындығы 2746 метр болатын жаңа кәріз желісі тартылды. Бұл инфрақұрылымды жаңарту қала тұрғындары үшін маңызды мәселелердің бірін шешуге мүмкіндік берді.
Биыл атқарылған жұмыстардың жалғасы ретінде тұрғын үйлерді жаңа кәріз жүйесіне қосу кезеңі басталады. Жоспарға сәйкес, 173 тұрғын үй жаңа кәріз желісіне қосылады. Бұл бастама тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға және санитарлық жағдайды жақсартуға бағытталған.
Қазіргі уақытта аталған көшелердегі жолдардың жағдайы күрделі екені белгілі. Көктем мезгілінде жауын-шашын кезінде тұрғындардың жүріп-тұруына қиындық туындайтыны да түсінікті. Дегенмен, мамандардың айтуынша, тұрғын үйлер толықтай кәріз желісіне қосылмайынша бұл көшелерге асфальт төсеу мүмкін емес. Егер жол алдымен жөнделсе, кейін үйлерді кәріз жүйесіне қосу үшін қайтадан қазуға тура келеді. Бұл қаржы мен уақыттың тиімсіз жұмсалуына әкелуі мүмкін.
Сондықтан алдымен барлық үйлерді кәріз желісіне толық қосу жұмыстары аяқталады. Одан кейін жердің табиғи түрде шөгіп, толық қалпына келуіне уақыт беріледі. Осыдан кейін ғана жолды ретке келтіріп, асфальт төсеу жұмыстары басталады.
Мамандардың айтуынша, басты мақсат — жұмысты асығыс емес, сапалы әрі ұзақ жылдарға қызмет ететіндей етіп орындау. Алдағы уақытта бұл көшелерде инфрақұрылым толық жаңарып, тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасалады.




