Кез келген мемлекеттің күші – халықта. Азаматтарымыздың жасампаздық қуатының арқасында еліміз кез келген кедергі мен тосқауылға қарсы тұрып, орасан зор табысқа жетеріне кәміл сенемін. Өздеріңіз білесіздер, мен түрлі жоспарлар құрып, стратегиялар жасауды құптай бермеймін. Себебі бос қиялға беріліп, құрғақ уәде беруге түбегейлі қарсымын. Болашаққа бағдар жасап, жоспар құрғанда өмірге шынайы көзқараспен қараған жөн деп санаймын. Біз өте қауырт дәуірге қадам бастық. Бұл адамдардың үйреншікті өмір салтын бұзады, сана-сезімін өзгертеді. Цифрландыру мен жасанды интеллект түбегейлі жаңа орта қалыптастырады. Онда әбден орнығып қалғандай көрінетін ұғымдар мен тәжірибелерге мүлдем орын жоқ. Жаһандық цифрлық экономика дәуірінде мемлекеттердегі халық саны бұрынғыдай аса маңызды болмай қалатын сияқты. Жасанды интеллект заманына бейімделе білген, соған қарап тіршілігін түзген, тіпті, жаңа үдерістерге нақты әрі белсене қатысқан елдер ғана табысқа жетпек. Сондықтан Қазақстан цифрландыру ісін қарқынды дамытып, жеке және қоғамдық өмірдің барлық саласына жасанды интеллектіні енгізе бастады. Біз білім, ғылым және жоғары технология саласына қомақты инвестиция салатын болдық. Себебі адам капиталының сапасын арттыру – айрықша маңызды міндет. Бұл, әсіресе, ел дамуының қазіргідей тарихи, бетбұрысты кезеңінде халқымыздың болашағына тікелей әсерін тигізеді. Ең бастысы – бұл жоспарлар жұртты құр уәдемен жарылқайтын тұсаукесер рәсімдері мен форумдардың көлеңкесінде қалып қоймауы керек. Біз пиар-акциялар мен көз алдайтын жалған ілгерілеуге емес, нақты жетістікке ұмтылуымыз қажет. Цифрландыру және жасанды интеллект жылын сән қуып, ұрандату үшін жариялаған жоқпыз. Бұл шешім бүкіл мемлекеттік аппаратқа нақты міндет жүктеп отыр. Бұл – стратегиялық міндет. Сондықтан мемлекет үшін айрықша маңызды осы міндетті орындауға қатысты талап та өте жоғары болмақ. Бұл бағыттағы жұмыстың нәтижесі нақты әрі көзге көрінетін көрсеткіштермен өлшенуге тиіс. Атап айтқанда, шешім қабылдау мерзімін қысқартуға, еңбек өнімділігін арттыруға және қызмет сапасын жақсартуға оң ықпал етуі керек. Дегенмен, басқару ісінде белең алған берекесіздікті озық технологиялар өз бетімен жойып жібере алмайды. Мұны жете түсінген абзал. Жұмыс әуел бастан дұрыс жолға қойылмаса, бірін-бірі қайталайтын міндеттер көбейіп, қағазбастылық шаруаға кедергі келтіре берсе, жасанды интеллектіні енгізу арқылы бәрін әп-сәтте жөнге келтіремін деу – бос әурешілік. Сондықтан цифрлық өзгерістер стратегиясын жүзеге асыру үшін алдымен басқару жүйесін реттеп алу қажет. Осыған орай, шұғыл міндет туындап отыр: мемлекеттік сектордағы жұмысты ұйымдастыру мәдениетін жақсартып, оған басқару саласындағы озық тәжірибелер мен құзыреттерді енгізу керек. Цифрлық шешімдердің және жасанды интеллект технологиясының көмегімен барлық саладағы мемлекеттік басқару ісінің сапасын арттыруға мол мүмкіндік бар. Соны дұрыс пайдаланған жөн. Жоғары технологияға негізделген, энергияны көп қажет етпейтін жаңа экономика құру үшін, ең алдымен, мықты инфрақұрылым қалыптастыру қажет. Логистика саласында алдымен көрінген жерге қойма салынып, содан кейін ғана оған аса маңызды инженерлік жүйелер тартылып жатады. Осындай қателіктерге жол бермеу керек. Оның үстіне, мұндай нысандар бәріне бірыңғай талаптарға сай келе бермейді. Соның салдарынан шығын көбейіп, ауқымды жұмыстың мән-маңызы жоғалады. Бұл – басқару ісіндегі сауатсыздықтың көрінісі. Сондықтан мұқият ойластырылған әрі ортақ ұстаным болуы қажет. Барлық ІТ инфрақұрылымның сенімді, үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін қуатты дата орталықтар салуға арналған арнайы аймақтарды алдын-ала анықтап алу керек. Деректерді талдау орталықтарын дәл сондай жерлерге салу қажет. Мұндай орталықтарда қуат көздері, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және салқындату жүйесі болуға тиіс. Үкімет Павлодар облысының әкімдігімен бірге Екібастұз бассейнінің энергетикалық қуатын пайдалана отырып, «Деректерді өңдеу орталығы алқабын» жасауды жоспарлап отыр. Бастама жаман емес, оның қаншалықты табысты жүзеге асырылатынын көре жатармыз. Біз атом стансаларының құрылысы аяқталғанын күтпей-ақ, жаңа қуат көздерін іске қосуды қолға алуымыз керек. Сондай-ақ дата-орталықтар металлургия комбинаттары сияқты көп мөлшерде энергия тұтынатынын қаперде ұстаған жөн. Сол себепті, қуат көздерінің жеткілікті болуын қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың аса маңызды бөлігі ретінде қарастырылуға тиіс. Қазақстанда 123,1 миллиард киловатт-сағат көлемінде электр қуаты өндіріледі. Барлық жоспарымызды табысты орындауға бұл жеткіліксіз. Мен мұны Қауіпсіздік Кеңесінің жақында өткен отырысында нақты атап өттім. Басқаша айтсақ, біз еліміздің әлемдік бәсекедегі артықшылықтарын тиімді пайдалана алмай отырмыз. Қазақстанның 33 миллиард тоннаға жуықтайтын орасан зор көмір қоры бар. Қазіргідей қарқынмен өндіре берсек те, көмірдің қоры 300 жылға жетеді. Елімізде жыл сайын 110 миллион тоннадан астам көмір өндіріледі. Бұл көрсеткіш бойынша әлемде алдыңғы қатардағы мемлекеттердің қатарына кіреміз. Көмір – біздің стратегиялық активіміз. Оның қоршаған ортаға зиянын түгел жоятын заманауи технологияны қолданып, көмірді толық пайдалану керек. Президент Трамп «Маған жел емес, көмір ұнайды» деп дұрыс айтады. Мұнда ақиқат бар. Көмірмен қуат өндіру ісіне Ұлттық жоба мәртебесі берілуге тиіс. Үкіметке Ұлттық жобаны әзірлеп, 20 наурызға дейін қабылдауды тапсырамын. Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларындағы жылу электр орталықтарының құрылысын тездету қажет. Оның қай-қайсысы да – маңызды жобалар. Бұл мәселе шешімін таппай, тым созбалаңға түсіп кеткенін мойындау керек. Ал жұртшылық оны асыға күтіп отыр. Мен Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорының жұмысына сын-ескертпе айтамын. Курчатовтағы электр станциясы мен Екібастұздағы 2-ГРЭС-тің қосымша энергоблоктарын уақтылы іске қосу, 3-ГРЭС-тің құрылысын бастау қажет. Энергетика жүйесінің орнықты болуын қамтамасыз ету үшін теңгерімді қуат көздерін тезірек іске қосу қажет. Бұл – ең алдымен газдан қуат өндіруге қатысты мәселе. Жаңа кен орындарын іздеу арқылы табиғи газ өндіру ісінің әлеуетін арттыру керек. Өкінішке қарай, көгілдір отын өндірісі экономикамыздың күн өткен сайын өсіп бара жатқан сұранысын өтей алмай келеді. Былтырдың өзінде тауарлы газ импорты 18 пайызға өсіп, 4,5 миллиард текше метрге жетті. Соған қарамастан, жаңа газ кеніштерін ашу жұмыстары өте баяу жүріп жатыр. Бұл – тиімсіз жоспарлаудың тікелей салдары. Қазіргі ерекше жағдайда бұған мүлдем жол беруге болмайды. Мен QazaqGaz басшылығына жеке қаражат есебінен және инвесторларды тарту арқылы болашағы зор учаскелерді игеруге кірісуді тапсырдым. Үкімет «Самұрық-Қазына» қорымен бірге геологиялық барлау жұмыстарын жандандырып, жаңа көмірсутегі кеніштерінің игерілуін қамтамасыз етуге тиіс. Газ өңдеуге қатысты ірі жобалардың дер кезінде іске қосылуын қатаң бақылауға алған жөн. Бізге құр ниетті ғана танытатын құжаттар емес, нақты нәтижелер керек. Энергетика жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ететін тағы бір маңызды резерв – еліміздің су ресурстары. Оның әлеуеті тиісті деңгейде пайдаланылмай отыр. Ашығын айтсақ, осы аса маңызды бағыттағы жұмыстар бей-берекет жүргізіліп жатыр. Еліміздің қолда бар су қорына шұғыл түрде нақты бағалау жасаған жөн. Өйткені кеңес заманынан қалған мәліметтер әлдеқашан ескірді. Ғылым академиясындағы ғалымдарымыз қайда? Олар неліктен осы уақытқа дейін еліміздің су қорына қатысты баға бермеген? Қазақстанның су-энергетика ресурстарын шынайы көрсететін карта әзірлеу қажет. Уақыт күтіп тұрмайды. Бұл құжаттарды әзірлеу жұмыстары гидроэнергетиканы жедел дамытуға кедергі болмауға тиіс. Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қоры кейбір гидротехникалық нысандардың тиімділігін арттыру үшін оны сенімгерлік басқаруға беру мәселесін шешуі қажет. Көлік-логистика кешеніне де баса назар аудару керек. Оны дұрыс дамытпасақ, ел экономикасын тұрақты өсіру мүмкін емес. Қазақстанның орасан зор транзиттік әлеуеті бар. Алайда, осы әлеуетті толық пайдалану үшін қыруар шаруа атқару керек. Елімізде қызу жұмыс қолға алынды. Мыңдаған шақырымдық автокөлік жолдары мен темір жолдар салынып, жөнделіп жатыр. Басты бағыттардың талапқа сай емес тұстары ретке келтірілуде. Вокзалдар, теңіз және әуе порттары, сондай-ақ құрғақ порттар жаңғыртылып, кей жерде жаңадан салынып жатыр. Мультимодальды тасымал түрі де дамып келеді. Автокөлік тасымалы саласы да аса маңызды. Елдегі автокөлік жолдарын халықаралық стандарттарға сай жаңғырту – айрықша маңызды міндет. Бұл, біріншіден, Қазақстанның батыс пен шығыс арасындағы транзит дәлізі ретіндегі рөлін арттыра түседі. Екіншіден, облыстар арасындағы көлік байланысын барынша жақсартады. Жақында Қызылорда – Жезқазған жолының Қызылордаға тиесілі бөлігі салынып бітті. Жыл соңына дейін Ұлытау облысындағы бөлігінде көлік қозғалысы толық ашылады. Жолдың жалпы ұзындығы – шамамен 400 шақырым. Ең бастысы, биыл елімізде бұрын-соңды болмаған ауқымды инфрақұрылымдық жобалар басталады. «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» – Қазақстандағы ең негізгі жолдың бірі. Алайда, оның Қызылорда – Ақтөбе арасындағы бөлігі – тар, көлік апаттары жиі болып жатады. Мен осыған дейін бұл жолды кеңейту туралы тапсырма бердім. Биыл осы бағытта 4 жолақты жаңа күре жолдың құрылысы басталады. Қазіргі жолдың көбі облыстардың ішкі жолы болып қала береді. Сондай-ақ мен былтырғы Жолдауымда «Бейнеу – Сексеуіл» жолының құрылысын тездетуді тапсырғанымды білесіздер. Ондағы жұмыстар да биыл басталмақ. Жоба жүзеге асқан соң «Орта дәліздің» қашықтығы 900 шақырымға қысқарады, яғни Ақтау, Құрық порттарына тура жол ашылады. Қарағанды – Жезқазған бағытындағы жол талай жылдан бері тозып тұр. Биыл ескі жолдың қапталына екі жолақты жаңа жол салуға кірісеміз. Кейін ескі жолды да жаңғыртып, төрт жолақ ету жоспарлануда. Бұдан бөлек, Сарыағаш маңындағы көлік қозғалысы да өте тығыз. Сондықтан осы жылы «Сарыағаш айналма жолының» құрылысы қолға алынады. Барлық жұмыстың сапалы әрі уақтылы орындалуын тікелей бақылауда ұстайтын боламын. Себебі бұл жобалар Қазақстанның халықаралық көлік-логистика орталығы ретіндегі әлеуетін мейлінше нығайта түседі. Автокөлік жолдарымен қатар темір жол инфрақұрылымын да кеңейтіп, жақсарту жұмысын жалғастырған жөн. Бұл – тасымал жолдарының өзара байланысы тұрғысынан алғанда өте маңызды мәселе. Былтыр «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі іске қосылды. Алматыны айналып өтетін теміржол құрылысы аяқталды. Мұның бәрі еліміздің транзиттік әлеуетін айтарлықтай көтерді. Биыл «Қызылжар – Мойынты» және «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желілері салынады. Сондай-ақ «Алтынкөл – Жетіген» және «Жезқазған – Сексеуіл» бағыттары бойынша теміржол учаскелері жаңғыртылады. Әуе жолдарын дамыту ісі Қазақстан үшін өте маңызды. Жаңа халықаралық рейстерді іске қосу қажет. Бұл – экономикалық мәселе ғана емес, азаматтары әлемді емін-еркін аралайтын ашық қоғамы бар мемлекет екенімізді білдіретін қадам. Еліміздің аумағында оннан астам халықаралық көлік дәлізі бар. Бұл – оң үрдіс, оны барынша дамыту керек. Дәл осы кезде Қазақстан өзін халықаралық көлік-транзит дәлізі ретінде танытуға тиіс. Жаһандық логистика картасынан лайықты орнымызды иелену үшін жүйелі жұмыс және айқын іс-қимыл стратегиясы керек. Үкіметке авиация саласында, соның ішінде әуемен жүк тасымалдау ісінде нақты нәтижеге жету міндеті жүктелді. Меніңше, еліміздің әлі күнге дейін Еуразияның әуемен жүк тасымалдайтын орталығы бола алмай отырғаны – кешірілмейтін қателік, қарапайым тілмен айтсақ, бұл – нағыз абсурд. Үкімет жүк тасымалдайтын мемлекеттік әуе компаниясын құру барысында қате шешім қабылдады. Неге екені белгісіз, бұл міндетті «Қазақстан темір жолы» компаниясына жүктеді. Егер Үкімет тапсырманы орындауға қауқарсыз болса, бұл жұмысты жеке құрылымдарға өткізіп беріңіздер. Таяуда өткен кеңейтілген кеңесте авиаотынның қымбаттығы осы саланың дамуына кедергі болып отырғаны айтылды. Оның бағасы тым қымбат, көрші елдердің әуежайларындағы бағамен бәсекелесе алмайды. Өзіміз 100 миллион тонна көлемінде шикі мұнай өндіретін ел бола тұра, қара алтыны жоқ мемлекеттермен авиакеросин бағасы жағынан таласқа түсе алмай отырмыз. Бұл ақылға сыймайды ғой?! Осы ретте, еліміздегі танымал экономистерге де, энергетиктерге де айтар қатаң сын-ескертпем бар. Кадрлық шешім қабылдау қажет болуы да мүмкін. Біздің басты стратегиялық мақсатымыз – экономиканың сапалы өсу қарқынын бәсеңдетпеу. Сол үшін инфляцияны төмендетуге қатысты жұмыстар қолға алынды, жаңа инвестициялық кезең басталғаны жарияланды. Басқа да шешімдер қабылданды. Экономика және бизнес саласы жаңа салық режиміне көшіп жатыр. Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар фискалдық жүйедегі өзгерістің елді дүрліктірмей, бірқалыпты жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге міндетті. Салық кодексін қолдануға қатысты жұртшылықтың ойға қонымды, сындарлы ұсыныстарын мұқият зерделеу керек. Қажет болса, түзетулер енгізген жөн. Түптің түбінде Салық кодексі қасиетті кітап емес. Қоғамда өзгерістер жасаған кезде халықпен тиімді байланыс орнату аса маңызды. Азаматтардың өтініштеріне қатысты жүйелі жұмыс жүргізу халықтың тыныс-тіршілігінен хабардар болып, олардың талап-тілегіне уақтылы жауап беруге жол ашады. Соңғы кезде маған жекеменшік мектептерді қаржыландыру тәсіліне қатысты шағымдар жиі келіп түсетін болды. Жуырда «Turkistan» газетіне берген сұхбатымда мен бұған қатысты өз ұстанымымды айттым. Білім саласын мемлекет тарапынан қаржыландырудың қазіргі тәртібі бұрмаланған. Бұл олқылықты уақыт оздырмай түзету қажет. Жекеменшік мектептерге жүргізілген аудит нәтижесінде заңсыз және негізсіз шығындарға байланысты құқық бұзушылықтар анықталды. Бұл түйткіл жан басына сәйкес қаржыландыру жүйесінің осалдығынан туындап отыр. Үкіметке білім беру саласындағы мемлекеттік қаржыландыру жүйесін шұғыл түрде реформалау жүктелді. Қаржыландырудың нақты критерийлерін әзірлеу керек. Осы орайда, орта білім беру жүйесін дамыту ісінде бизнес саласы маңызды рөл атқаратынын ескерген жөн. Мұндай, тіпті бұдан да зор мәселелер денсаулық сақтау саласында да туындап отыр. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмысын жан-жақты тексеру барысында көптеген заң бұзушылықтар мен қызмет бабын асыра пайдалану жайттары анықталды. Мемлекеттен қыруар қаржы жымқыру үшін көпе-көрнеу жалған деректер ұсынылған, өтірік мәліметтер енгізілген. Бүкіл ел экономикамызды өркендетіп, инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыру үшін бар күш-жігерін жұмылдырып, денсаулық сақтау саласын дамытуға қаржысын жұмсап жатса, әлеуметтік салаға бөлінген орасан зор қаражат талан-таражға түсуде. Медицина саласын дамытуға мемлекет 2024-2025 жылдардың өзінде 7,8 триллион теңге бөлді емес пе?! Түсінікті болуы үшін айтайын, бұл – 15,5 миллиард доллар деген сөз. Мемлекеттің білім беру және денсаулық сақтау саласына жұмсап жатқан қаржысы, ең алдымен, азаматтарымыздың тұрмыс сапасын арттыруға арналатынын және Әділетті Қазақстанды құру стратегиясымен ұштасып жатқанын түсінген абзал. Құқық қорғау органдарына сыбайлас жемқорлықтың қитұрқы амал-айласын тауып, пайдаға кенеліп жатқандарды анықтау тапсырылды. Мен Үкіметтің Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын Қаржы министрлігіне беру туралы шешімін қолдаймын. Әлеуметтік сала басшыларының біліксіздігі мен мемлекет мүддесіне немқұрайлы қарауының салдарынан Қорда осындай жағдай орын алып отыр. Бұл жағдайда патриотизм туралы сөз қозғаудың өзі артық. Сондықтан шенеуніктер адал болуға тиіс деген талап жалпы мемлекеттік ауқымдағы өзекті міндет болып қала береді. Шектен шыққан алаяқтар ұлттық қауіпсіздігімізге шындап қатер төндіруге айналды. Медициналық сақтандыру қорында қомақты қаржы қолды болса, сол уақытта «Жедел жәрдем» қызметкерлері мен фельдшерлер алаяқтардың арбауымен наразылық акциясына шығады, әлеуметтік талаптар қояды. Біздің азаматтарымыз алаяқтардың құрбаны болып жатыр. Көптеген адам адал еңбекпен тапқан табысынан айырылуда. Алдауға сеніп, қылмыстық қаржы операцияларының қақпанына түсіп жатыр. Әлемде иммиграциялық алаяқтық та қатты ушығып тұр. Еуропа мен АҚШ-та не болып жатқанын баршаңыз көріп-біліп отырсыздар. Бұл мәселе біздің еліміз үшін де өзекті. Себебі уақыт өткен сайын Қазақстан шетелдіктердің жұмыс істеуіне және тұрақтап қалуына қолайлы елге айналып келеді. Құқық қорғау органдары Қазақстан аумағында шетелдіктердің тұрақты тұруын заңдастыру үшін заңсыз құжат әперумен айналысқан алаяқтардың қылмысын әшкереледі. Экономикалық немесе әлеуметтік саладағы алаяқтық қылмыстарға қарсы күресті күшейту қажет. Сондай-ақ ұсақ бұзақылардан, вандалдар мен ұрылардан бастап, ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне және қоғамның тыныштығын бұзғысы келетін арандатушыларға дейін, қысқасы, заң мен тәртіпті бұзғандардың бәрін батыл түрде жауапкершілікке тарту қажет. Бұл – өте өзекті әрі ең басты міндеттің бірі. Цифрландыру үдерісі барлық жерде жаппай жүргізіледі. Сондықтан дербес деректерді заңнамалық тұрғыдан қорғауға, азаматтардың қаржылық және цифрлық сауатын арттыруға ерекше көңіл бөлу керек. Тағы бір өзекті мәселе – халықаралық ахуал шиеленісіп тұрған заманда стратегиялық экономикалық серіктестерімізбен тиімді байланыс орнату. Біздің ұстанымымыз айқын: Қазақстан экономикалық интеграцияны қолдайды, осы үдеріске белсене атсалысады. Бірақ бұл ықпалдастық біздің мүддеміз тұрғысынан қарағанда әділ болуы керек. Биыл Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа төрағалық етеді. Біз еуразиялық ықпалдастықтың тиімділігін арттыру үшін жасанды интеллектіні енгізу мәселесіне басымдық береміз. Саудадағы кедергілерді жою, негізсіз протекционизмге қарсы күресу жұмыстары жалғаса береді. Мәселен, еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласы орынсыз қысымға ұшырап отырғанын қалыпты жағдай деуге болмайды. Еуразиялық экономикалық одақ құрамындағы мемлекеттердің субсидия берілетін өнімдері көбейіп кеткендіктен, отандық тағам өнеркәсібінің өкілдері өнім өндіруді азайтуға мәжбүр. Ал бұл – біз үшін азық-түлік қауіпсіздігінің мәселесі. Сондықтан интеграцияның әділ жүргізілуі қажет екенін айтып отырмын. Үкімет ұлт мүддесін қорғау үшін барынша белсенді жұмыс істеуге тиіс. Тараптардың мүддесі әділ ескерілетін орта тұсты тауып, Қазақстанның ұстанымын дәйекті, кәсіби түрде қорғау қажет. Сонда ғана экономикамызды халықаралық нарықтағы бәсекеге барынша қабілетті ете аламыз.

Поделиться
Похожие статьи

АКТУАЛЬНО
Единство и Стабильность – Ключ к Успеху

АКТУАЛЬНО
Давоста «Бейбітшілік кеңесі»: халықаралық ынтымақтастық пен тұрақтылыққа жаңа қадам

АКТУАЛЬНО
Тоқаев пен Трамп: Қазақстанның халықаралық жетістіктері мен бейбітшілік бастамаларын қолдау

АКТУАЛЬНО