Туған қаламызды абаттандыру, көркейту мақсатында қолға алынған жұмыс қыза түсті. Әр аптада «Таза бейсенбілікке» шығу, сенбілік өткізу дәстүрге айналып келеді.
Қала басшылығының ресми мәлімдеуі бойынша, өткен сенбілік аясында қала аумағынан 120 тонна қоқыс шығарылды, заңсыз пайда болған 6 қоқыс үйіндісі тазаланып, 20 техника жұмылдырылды.
Сәтбаев қаласының әкімі Мұрат Бөрібаевтың қала халқын жаппай сенбілікке шақырған бастамасы ардагер ақсақалдар, қазыналы қарттар тарапынан да кең қолдау тапты.
Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар Кеңесінің бір топ мүшелері қаладағы Достық Үйінің ұжымымен бірге ұйымдасқан түрде сенбілікке шықты.
-Жасымның 80-нен асқанына қарамастан қаламыздың тазалығы үшін өз үлесімді қосқым келді. Осы арқылы жастарға үлгі – өнеге көрсетуді де мұрат тұттым –дейді ТМД-ға еңбегі сіңген энергетик, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы Жайық аға Мұңсызбаев.
Қала – әркімге өзінің үйі тәрізді. Ендеше, кім өз үйін өзі ластайды? Кім өз үйінің таза болғанын қаламайды? Міне, осындай сұрақ төңірегінде ойлана білсек, қаламыздың тазалығы күннен күнге артып, әдемілене, сәулеттене түсетіні күмәнсіз.
Ай Нұр.