Қазақстанның көк туы Мәскеу аспанында: Ресей астанасы Тоқаевтың сапарына дайындықты бастады
Мәскеу көшелерінде Қазақстанның көк байрағы желбіреп, қалаға ерекше сән берді. Останкино телемұнарасы сияқты астананың көрікті нысандары да қос ел достығының айғағы іспетті Қазақстан туымен безендірілді. Бұл – Ресей Федерациясының Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдағы мемлекеттік сапарына жасалып жатқан дайындықтың маңызды бөлігі.
Екі мемлекеттің туларын қатар ілу дәстүрі Ресей мен Қазақстан арасындағы өзара сыйластық пен стратегиялық серіктестікті айқын көрсетеді. Мәскеудің орталық көшелерінде көк ту мен ресейлік үш түсті тудың желбіреуі екі ел арасындағы тарихи достықтың тағы бір белгісі болды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге сапары 11-12 қараша күндері өтеді. Сапар барысында Мемлекет басшысы Ресей Президенті Владимир Путинмен келіссөздер жүргізеді деп жоспарланған. Кездесу аясында екі елдің саяси, экономикалық және гуманитарлық байланыстарын одан әрі нығайту мәселелері талқыланбақ.
Сонымен бірге, қос ел көшбасшылары бейнеконференция арқылы Қазақстанның Орал қаласында өтетін Ресей мен Қазақстанның XXI Өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық отырысына қатысушыларға үндеу жасайды. Бұл форум өңірлер арасындағы нақты жобалар мен жаңа бастамаларды талқылайтын маңызды алаң болып саналады.
Мәскеудің бүгінгі көрінісі – тулармен көмкерілген көшелер, жарқыраған Останкино телемұнарасы – Қазақстан мен Ресей арасындағы достық пен серіктестіктің айқын символы. Екі елдің тарихи байланысы мен саяси сенімі алдағы кездесулерде жаңа серпін алады деп күтіледі.
