«Қазақстанның болашақ ұрпағы» зерттеуінің нәтижелері жарияланды
«British Council» ұйымы жүргізген «Қазақстанның болашақ ұрпағы» атты зерттеу нәтижелері жарияланды. Бұл зерттеу ұйымның «Next Generation» («Келесі буын») атты жаһандық бастамасы аясында жүзеге асырылды. Жоба жастарға өз пікірін ашық айтуға мүмкіндік беріп, олардың армандары, мәселелері және қоғамды өзгерту мен дамытудағы рөлі туралы терең түсінік алуға бағытталған.
Қазақстандағы зерттеу LSE Consulting, Орталық Азия Барометрі (ЦАБ) және жобаның Кеңесші кеңесімен серіктестікте іске асырылды.
Зерттеуге 18 бен 35 жас аралығындағы 1270 жас қазақстандық қатысты: 1202 адам – репрезентативтік сауалнамаға, ал 68 адам – терең сұхбат пен фокус-топтарға қатысты.
Әдістеме туралы
Зерттеу бес негізгі компоненттен тұрды:
Әдеби шолу – Қазақстанның жалпы әлеуметтік-саяси және демографиялық контексі бойынша ақпарат жинау;
Репрезентативті сауалнама – жастардың көзқарастары, басымдықтары, білім беру, жұмыспен қамту, азаматтық белсенділік және жаһандық келешек туралы пікірлерін анықтауға арналған. Сұрақтар басқа елдерде қолданылған «Next Generation» сауалнамасына негізделген, бірақ Қазақстанға бейімделген;
Жас көшбасшылармен сапалы сұхбаттар – әлеуметтік, экономикалық және саяси мәселелер бойынша 20 жас көшбасшының көзқарасы зерттелді;
Фокус-топтар – Астана, Алматы және Атырау қалаларында әртүрлі жас топтарымен (18–24 және 29–34 жас аралығы) 6 фокус-топ құрылып, үш негізгі бағыт бойынша пікірталастар өткізілді: білім мен жұмыспен қамту; жастардың дауысы, цифрлық медиа және жаңалықтар; жаһандық көзқарас;
«Тоқта да ойланып көр» атты шеберлік сабақтар сериясы – жобаға қатысушы сарапшылар, белсенділер мен практиктерден құралған Кеңесші кеңестің қатысуымен 2 семинар (офлайн және онлайн) өткізілді.
Негізгі қорытындылар
1. Құндылықтар мен ықпал көздері
Зерттеу көрсеткендей, жастар үшін отбасы – басты құндылық және ең үлкен ықпал көзі. Жастар өз жетістіктері мен өмірлік бақытын отбасымен, достарымен және қатарластарымен байланыстырады. Бұл тенденция басқа зерттеулермен де расталады – қазақстандық жастардың 80%-нан астамы отбасы бірінші орында тұрғанын айтады.
2. Оптимизм мен сындарлы көзқарас
Жастар еліміздегі әлеуметтік мәселелерді шынайы қабылдағанымен, болашаққа сеніммен қарайды. 80%-дан астамы елдің даму бағыты мен жеке болашағына оң көзқараспен қарайды.
86% ер азаматтар мен
83% әйел азаматтар өмір сапасына сенімді,
87% ерлер мен
82% әйелдер болашақтағы мансаптарына оң көзқараста.
Жастар қиындықты өсу мен даму мүмкіндігі ретінде қабылдайды. Олар дәстүр мен жаңашылдық арасында теңгерім сақтап, жеке және кәсіби дамуға басымдық беріп келеді.
3. Білім сапасына көзқарас
Жастардың көпшілігі Қазақстандағы білім сапасын оң бағалайды. 57% – білім беру жақсарып келе жатыр десе, 30–35 жастағылардың 78%-ы білім беру қоғамды өзгерту құралы деп санайды.
4. Білім – өзгерістің құралы
Жастардың 70%-дан астамы білімді қоғамды жақсартудың ең тиімді жолы деп есептейді. Олардың пікірінше, табысты болу үшін ең маңызды дағдылар:
көшбасшылық,
мәселелерді шешу,
коммуникация.
Сонымен қатар, шет тілдерін білу (әсіресе қазақ және ағылшын тілдері) – басты бәсекелік артықшылық ретінде қарастырылады. 80%-дан астамы шет тілін үйренуді маңызды санайды, себебі бұл:
жұмысқа тұру мүмкіндігін арттырады (49%),
сапалы білім алуға көмектеседі (47%),
әлеуметтік байланыстарды кеңейтеді (47%).
5. Кәсіпкерлікке қызығушылық
Жастардың екіден үш бөлігі алдағы 5 жылда жеке бизнес ашқысы келеді. Бұл барлық жас топтарында байқалады.
6. Халықаралық көзқарас
Қазақстан жастары әлемдік үдерістердің өз өмірлеріне әсер ететінін түсінеді. Олар елімізді:
географиялық көпір ретінде – ірі державаларды байланыстыратын;
дипломатиялық рөлде – өңірлік сенімді делдал;
мәдени байланысшы – Батыс пен Орталық Азияны жалғайтын ел деп көреді.
Сондай-ақ, аймақтағы ең ірі экономика және көршілерге үлгі болу – жастар үшін ерекше мақтаныш көзі.
7. Экология – өзекті мәселе
Климаттық мәселелер жастар үшін маңызды бола бастады. Оларды алаңдататын негізгі факторлар:
ауаның сапасы,
қалдықтарды басқару,
су тапшылығы.
Соған қарамастан, олар бұл мәселелерді шешуге дайын, болашаққа сеніммен қарайды.
8. Азаматтық белсенділік және цифрлық қатысу
Жастар өзекті әлеуметтік мәселелерді шешу үшін өз бетімен ұйымдасып, бастамашыл топтар құруда. Бұдан бөлек, жаңа форматтағы цифрлық белсенділік қалыптасып келеді:
әлеуметтік желіде пікір білдіру,
блог жүргізу,
карикатуралар, комикстер, өнер мен музыка арқылы ой айту,
экологиялық бастамалар көтеру.
Қорытынды
«Қазақстанның болашақ ұрпағы» зерттеуі қазіргі жастардың дәстүр мен прогресті үйлестіре отырып, саналы, білімді, мақсатшыл әрі белсенді азаматтарға айналып келе жатқанын көрсетті. Олар отбасылық құндылықтарды сақтай отырып, білім, кәсіпкерлік пен жаһандық ойлауға басымдық береді.
Бұл – еліміздің болашағы сенімді жастардың қолында екенін дәлелдейтін маңызды дерек.