Ұлытау облысының делегациясы Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында Сиань қаласында өткен сауда-экономикалық ынтымақтастық форумына қатысты. Іс-шара Қазақстан Республикасының Бас консулдығының қолдауымен ұйымдастырылды.
Форум аясында Ұлытау облысы мен Шэньси провинциясы арасындағы өзара тиімді әріптестікті дамытуға бағытталған жоғары деңгейдегі келіссөздер жүргізілді. Тараптар өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қою арқылы стратегиялық серіктестікті нығайтуға ниетті екенін білдірді.
Аталған іс-шараға Ұлытау облысының әкімі бастаған өңірлік делегация, мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ қазақстандық және қытайлық компаниялардан 100-ге жуық өкіл қатысты.

Форум барысында Ұлытау облысының инвестициялық әлеуеті кеңінен таныстырылып, өңірдегі басым бағыттар мен перспективалы инвестициялық жобалар ұсынылды. Әсіресе өнеркәсіп, тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылым және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар, G2B және B2B форматтарында екіжақты кездесулер ұйымдастырылып, нақты жобаларды іске асыру тетіктері талқыланды.
Форум қорытындысы бойынша жалпы құны 12,5 миллиард теңгені құрайтын ынтымақтастық туралы 6 меморандумға қол қойылды. Аталған құжаттар аясында Жезқазған, Сәтбаев және Қаражал қалаларындағы тұрғын үйлерді қайта жаңғырту, металлургиялық шлактарды қайта өңдеу және сүт-тауар фермасын салу бағыттарында бірлескен жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр.

Ұлытау облысының әкімі өңірдің жоғары инвестициялық әлеуетін атап өтіп, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін жеткізді.
«Біз инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауға дайынбыз. Бүгіннің өзінде бірқатар компания Ұлытау облысы аумағында инвестициялық жобаларды іске асыруға ниетті», – деді өңір басшысы.
