15 наурызда еліміз үшін маңызды шешім қабылданады. Бұл күн – мемлекетіміздің болашағына тікелей әсер ететін тарихи сәттердің бірі. Референдум – әр азаматтың ел тағдырына бейжай қарамай, өз ұстанымын ашық білдіруіне берілген заңды мүмкіндік. Сондықтан бұл науқанға қатысу – тек құқық қана емес, үлкен жауапкершілік.
Референдум – халық билігінің айқын көрінісі. Демократиялық мемлекетте ең маңызды шешімдер халықтың тікелей қатысуымен қабылданады. Бұл – әділдік пен ашықтықтың белгісі. Әр дауыс маңызды. Әр таңдау – елдің ертеңіне қосылған үлес.
Еліміздің басты құқықтық құжаты – Қазақстан Республикасының Конституциясы. Конституция – мемлекеттің іргетасы, барлық заңдардың негізі. Онда азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, мемлекеттік басқару жүйесі, билік тармақтарының өкілеттігі айқындалған. Конституцияға енгізілетін кез келген өзгеріс бүкіл қоғамның өміріне ықпал етеді. Сондықтан мұндай шешімдер жалпыхалықтық референдум арқылы қабылдануы аса маңызды.
Ата Заңымыз 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданды. Содан бері уақыт талабына сай бірқатар өзгерістер енгізіліп келеді. Бұл – мемлекеттің дамуына, қоғамның жаңаруына бағытталған қадамдар. Конституциялық реформалар елдегі саяси жүйені жетілдіруге, азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге және әділетті қоғам құруға негіз болады.
Референдумға қатысу арқылы біз өз болашағымызға бейжай қарамайтынымызды көрсетеміз. Бұл – Отан алдындағы парыз. Әр азаматтың таңдауы ел дамуының бағытын айқындайды.
Сіз де бейжай қалмаңыз. Еліміздің ертеңі – өз қолымызда.




