Елдің аумақтық тұтастығы, бай тарихы мен қазақ даласында дәуірлеген ұлы мемлекеттердің сабақтастығы Конституцияда көрініс тауып, мызғымас құндылықтар ретінде бекігелі отыр.
Сондай-ақ, халықаралық нормаларға сай адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары құқықтық жүйеміздің өзегі болмақ. Заңгерлер, құқық саласындағы тәжірибелі мамандар да кәсіби пікірлерін айтып жатыр.
Қоғамда жаңа Конституция жобасындағы 9- баптың 2- тармағына қатысты қызу пікірталас болғаны да белгілі. Алаңдаушылық әлі де бар. Дегенмен, бұл мәселеде ең алдымен неге назар аударуымыз керек? Тәуелсіздік алған 35 жыл мен қазіргі қолданыстағы Конституция қабылданған 30 жылда қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі орнын нығайту жолында бірталай жұмыс атқарылды. Мұны жоққа шығаруға болмайды.
Айталық, ертеректе телеарналардан қазақша хабар көрудің өзі мұң емеспе еді? Сол уақытты неге ұмытып кеттік? Қазір кинотеатрларға дейін қазақша кинолар көрсетілуде және оның басым бөлігі - өзіміздің отандық өнім. Сұраныс та жоғары. Әсіресе, жастардың тілге деген құрметі ерекше, қазақ тілінде оқу бітіріп, білікті маман болып өсіп келе жатқан ұл-қыздарымыз қаншама? Осы жылдар ішінде ашылған қазақ балабақша, мектептерін айтпаса да түсінікті. Бұл нені білдіреді? Мемлекеттің қазақ тілінің тұғырын биіктетудегі жүйелі жұмысын көрсетеді. Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту жолындағы бұл қадамдар алдағы уақытта да жалғасын табары сөзсіз.Сондықтан, алаңдай берудің реті де жоқ секілді. Ел бар да, халық бар да, тіліміз де жасай беретіні күмәнсіз.
Өтеш Ахметов,
Сәтбаев қаласы әкімдігі жанындағы ҚХА Ақсақалдар Кеңесінің төрағасы.




