Таза қала – әрбір саналы азаматтың ортақ жауапкершілігінің көрінісі. Қоршаған ортаның тазалығы адамдардың мәдениеті мен қоғамның дамуын көрсетеді. Осы мақсатта елімізде ұйымдастырылып жатқан «Таза Қазақстан» акциясы көпшілікті табиғатты қорғауға, туған жерін таза ұстауға шақырады. Бұл игі бастамаға Сәтбаев қаласының тұрғындары да биыл белсенді түрде атсалысуда.
Қала тұрғындары, жастар, еріктілер мен түрлі мекеме қызметкерлері сенбілік жұмыстарына қатысып, көшелерді, аулаларды және саябақтарды тазалауда. Ағаштардың түбі әктеліп, қоқыстар жиналып, айнала көркейе түсті. Мұндай шаралар тек қаланың көркін арттырып қана қоймай, адамдардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттырады.
Әсіресе жастардың белсенділігі қуантады. Олар үлкендерге үлгі болып, тазалықтың маңызын түсіндіріп, қоршаған ортаны қорғауға шақыруда. Таза көше, таза аула – тұрғындардың денсаулығы мен жақсы көңіл-күйінің кепілі.
«Таза Қазақстан» акциясы әр адамға табиғатты аялау керектігін еске салады. Егер әрбір тұрғын өз ауласын, көшесін таза ұстаса, бүкіл қала көркейіп, өмір сүруге қолайлы орта қалыптасады. Сондықтан тазалық – тек бір күндік сенбілік емес, әр адамның күнделікті әдетіне айналуы тиіс. Таза қала – жарқын болашақтың негізі.




