Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық әріптестік жаңа деңгейге көтеріледі
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен өткен келіссөздер барысында екі ел арасындағы саяси және экономикалық байланыстарды тереңдетудің жаңа бағыттары айқындалғанын мәлімдеді.
Мемлекет басшысы екі тараптың өзара ынтымақтастық әлеуетін толық ашу қажеттілігі жөнінде ортақ пікірге келгенін атап өтті. Осы бағытта жүйелі әрі тығыз жұмыс жүргізуге дайындық бар екенін жеткізді. Президенттің айтуынша, ең алдымен назар аударатын сала – сауда-экономикалық қатынастар.
— Екіжақты сауда өсімін қамтамасыз ету, жаңа бағыттарды анықтау, тауар түрлерін кеңейту және өңделген өнім экспортын ұлғайту міндеті тұр. Осыған байланысты биыл 15 наурызда қабылданған Өзара тауар айналымын 2030 жылға қарай 10 млрд долларға жеткізу бағдарламасын сапалы жүзеге асыру маңызды. Сондай-ақ бүгін құрылатын Өңірлер басшылары кеңесі және Деловой совет, UzKazTrade бірлескен сауда компаниясы тиімді нәтиже береді деп күтеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
🟦 Ауыл шаруашылығы – ынтымақтастықтың жаңа тірегі
Президент екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы саласында зор мүмкіндіктер бар екенін атап өтті. Ол қарапайым саудадан шығып, ет, астық және майлы дақылдарды қайта өңдеу, мал шаруашылығы мен органикалық егіншілікті дамыту бойынша толыққанды өндірістік тізбектер құруды ұсынды.
🟦 Өндірістік кооперация – экономикалық серіктестіктің өзегі
Қасым-Жомарт Тоқаев өнеркәсіптік кооперация бағытында үлкен үміт бар екенін жеткізді. Қазіргі таңда жалпы құны 1,7 млрд долларды құрайтын 78 бірлескен жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар 15 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуды көздейді.
— Осы бастамалардың табысты іске асуы экономикалық және инвестициялық байланыстарымызды одан әрі нығайтады. Бірқатар жобалардың іске қосылу рәсіміне қатысамыз. Қазақстандық инвестицияларды Өзбекстанға бағыттауды жалғастыра береміз және өзбек әріптестеріміздің дәстүрлі қолдауына сенім артамыз. Сондай-ақ Орталық Азия халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын құру аймақтың индустриялық әлеуетін арттыруға айрықша үлес қосады, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бұл келіссөздер екі елдің стратегиялық әріптестігінің жаңа серпін алғанын көрсетіп, өңірлік экономикалық интеграцияны нығайтуға зор ықпал етеді.
