Жезқазған қаласында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы, белгілі ақын-айтыскер Мұқаш Сейтқазиновтың 70 жылдық мерейтойына арналған «Дәридай – дәурен» атты шығармашылық кеш өтті.
Салтанатты шара Серке Қожамқұлов атындағы музыкалық-драма театрында ұйымдастырылып, көрерменге лық толды. Кешке ақынның әріптестері, шәкірттері, достары мен айтыс өнерін қадірлейтін өнерсүйер қауым жиналды. Жылы әрі әсерлі атмосфера кештің мазмұнын айрықша байыта түсті.
Кеш барысында сахнада суырыпсалма өнердің жарқын үлгілері көрсетіліп, ақынға арналған жүрекжарды лебіздер мен естеліктер айтылды. Белгілі айтыскерлер өнер көрсетіп, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар, жас өнерпаздар арасында мерейтой иесінің шығармаларын мәнерлеп оқу байқауы ұйымдастырылып, олардың өнері жоғары бағаланды.
Шараның маңызды сәттерінің бірі – Ұлытау облысы әкімінің құттықтауы болды. Өңір басшысы Мұқаш Сейтқазиновқа 1 миллион теңгенің сертификатын табыстап, ақжарма тілегін жеткізді. Ол өз сөзінде мерейтой иесінің ұлттық өнерге қосқан зор үлесін ерекше атап өтіп, айтыс сахнасындағы дара болмысын жоғары бағалады.
– Сіз ұлттық өнерге ғұмырыңызды арнап, өңір мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қостыңыз. Сіз – тек Ұлытаудың ғана емес, бүкіл қазақ даласының мақтанышысыз. Домбырасыз-ақ айтыста топ жаруыңыз – сирек кездесетін құбылыс, бұл сіздің табиғи талантыңыздың айқын дәлелі. «Дәридай ақын» деген атыңыз айтыс әлемінде өзіндік брендке айналды, – деді облыс әкімі.
Кеш барысында Мұқаш Сейтқазиновтың ақындық және шығармашылық жолы кеңінен насихатталып, оның ұлттық әдебиетке қосқан үлесі де ерекше атап өтілді. Сонымен қатар, оның ұстаздық қызметі, жас таланттарды тәрбиелеудегі еңбегі де зор құрметпен айтылды.
Тағылымды кеш өнер иесінің туған жерге деген сүйіспеншілігін, ұлттық өнерге адалдығын айқындай түсті. Шара соңында мерейтой иесіне зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және шығармашылық табыс тілектері білдірілді.




