Жезқазған қаласында Ұлытау облысының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде «Ашық есік күні» өтуде. Іс-шараның негізгі мақсаты – азаматтарға жанжалды жағдайларды шешу жолдарын түсіндіру және медиация тетіктерін кеңінен насихаттау.
Аталған күні мекеме барлық ниет білдірушілер үшін есігін айқара ашып, тұрғындарға тегін консультациялық көмек көрсетуде. Медиация орталығының кәсіби медиаторлары азаматтарға жанжалдардың себеп-салдарын түсінуге, мәселені жан-жақты қарастыруға және өзара тиімді шешім табуға жәрдемдеседі.
Шара барысында келушілер отбасылық қатынастар, еңбек даулары және тұрмыстық түсініспеушіліктер сияқты түрлі мәселелер бойынша кеңес ала алады. Мамандар әрбір азаматтың жағдайына жеке назар аударып, бейбіт келісімге келудің тиімді жолдарын ұсынады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар қоғамдағы дауларды сотқа дейінгі тәртіппен реттеуге, азаматтар арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға және құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталған.
Іс-шара Жезқазған қаласы, Шевченко көшесі, 36 мекенжайында, 3 қабаттағы 32-кабинетте сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін өтуде.




