Қазақстан – АҚШ: сенімді әріптестік жаңа деңгейге көтерілуде
Қазақстан мен Америка Құрама Штаттарының арасындағы стратегиялық серіктестік соңғы жылдары айрықша серпін алып, жаңа экономикалық мүмкіндіктерге жол ашуда. АҚШ Қазақстанды Орталық Азиядағы ең сенімді, кемел және болжамды әріптестердің бірі ретінде қарастырады. Бұл өзара сенім екі ел арасындағы инвестициялық байланыстардың артуына, ірі жобалардың іске асуына және жеке сектордағы ынтымақтастықтың кеңеюіне тікелей ықпал етіп отыр.
Бүгінде Орталық Азия аймағына бағытталған барлық америкалық инвестицияның 80 пайызы Қазақстан үлесіне тиесілі. Бұл көрсеткіш инвесторлардың еліміздегі тұрақтылыққа, дамудың айқын бағытына және бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдайлардың қалыптасқанына деген сенімін айғақтайды.
Тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері Қазақстан экономикасына АҚШ тарапынан 60 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция тартылған. Бұл – елімізге келген барлық шетелдік инвестициялардың 13 пайызы. Америка капиталы энергетика, тау-кен өндірісі, ауыл шаруашылығы, көлік, цифрландыру, сервистік қызметтер және инновациялық технологиялар сынды маңызды салаларда белсенді жұмыс істеп келеді.
2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасына АҚШ-тан 869 миллион доллар көлемінде инвестиция тартылды. Ал 2025 жылдың алғашқы тоқсанында бұл көрсеткіш 362,4 миллион долларға жетті. Бұл динамика екіжақты экономикалық байланыстардың тұрақты түрде өсіп келе жатқанын көрсетеді.
Бүгінде елімізде 630-дан астам америкалық компания табысты жұмыс істеп отыр. Олардың қатарында әлемдік нарықта орныққан ірі корпорациялар да, жоғары технологияларға бағытталған орта бизнес өкілдері де бар. Мұндай компаниялар Қазақстанда жаңа өндірістер ашып, жұмыс орындарын құруға, озық тәжірибелер мен инновацияларды енгізуге өз үлесін қосуда.
Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық серіктестіктің нығаюы өңірлік тұрақтылық пен қауіпсіздік үшін де маңызды. Екі ел стратегиялық диалогты жалғастыра отырып, энергетикалық өтпелі кезең, жасыл технологиялар, логистика, білім беру және адам капиталын дамыту бағыттарында да өзара әрекеттестік аясын кеңейтуде.
Қорытындылай келе, Қазақстан мен АҚШ арасындағы әріптестік бүгінгі таңда өз дамуының жаңа сатысына көтеріліп отыр. Инвестициялық ынтымақтастықтың артуы және жаңа жобалардың іске асуы екі ел экономикасының да өркендеуіне серпін береді. Бұл байланыстар Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін күшейтіп, еліміздің тұрақты дамуына нақты үлес қосатыны сөзсіз.
