Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мемлекет азаматтық қоғамның өрісін кеңейтуге әрдайым баса мән береді»

Жаңалықты бөлісіңіз:

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мемлекет азаматтық қоғамның өрісін кеңейтуге әрдайым баса мән береді»
Республика күні қарсаңында Астанада «Әділетті Қазақстан: азаматтық қоғам мен мемлекеттің серіктестігі» ұранымен өткен Қазақстанның XII Азаматтық форумы аясында пленарлық отырыс өтті. Жиын жұмысына 700-ден астам делегат қатысты. Олардың қатарында Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар мен дипломатиялық корпус өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, бизнес қауымдастығы, сондай-ақ отандық және халықаралық сарапшылар бар. Сондай-ақ, форумға 38 шетелдік қонақ, оның ішінде 19 елшіліктің өкілдері, 10 халықаралық ұйым және алты елден келген делегаттар қатысты.
Пленарлық отырыс Мемлекет басшысының құттықтау сөзімен ашылды. Президенттің сөзін ҚР Президентінің ішкі саясат және коммуникациялар мәселелері жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаев оқып берді.
«Қазір Қазақстанда 18 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді. Оларды мемлекеттің сенімді серіктесі деуге толық негіз бар. Шын мәнінде, сіздер еліміздің береке-бірлігін нығайтуға, «Адал азамат», «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» қағидаттарын іске асыруға белсене атсалысып жүрсіздер. Мен баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Мемлекет азаматтық қоғамның өрісін кеңейтуге әрдайым баса мән береді. Бес жылда арнайы әлеуметтік тапсырысқа бөлінетін қаржы екі есеге жуық өсті. Бұл қаражат игі бастамаларды жүзеге асыруға, мұқтаж жандар мен жастарды қолдауға жұмсалып жатыр. Ортақ мүдде жолындағы осындай өзара тиімді ықпалдастық алдағы уақытта да жалғасын табады.Бүгінгі басқосуда айтылатын салмақты ой-пікірлер мен ұтымды ұсыныстар азаматтық қоғамды дамытуға тың серпін береді деп сенемін», – делінген Мемлекет басшысының құттықтау хатында.
https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/1087639?lang=kk

By admin

Related Post

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *