Қаланың экономикалық тұрақтылығы мен әлеуметтік әл-ауқаты, ең алдымен, өндіріс орындарының дамуы мен еңбек нарығының белсенділігіне тікелей байланысты. Осы орайда жұмыс сапары барысында қаладағы бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорындардың бүгінгі жай-күйімен танысып, олардың даму мүмкіндіктеріне назар аудару маңызды болды.
Алғашқы нысандардың бірі – бұрын ірі өндірістік корпорацияларға өнім жеткізіп келген роликті тіректер өндіретін цех. Өкінішке қарай, соңғы жылдары тапсырыс көлемінің азаюы салдарынан кәсіпорын өз жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр болған. Дегенмен, өндірістік қуат толық сақталған, қажетті құрал-жабдықтар мен дайын өнім қоры жеткілікті. Бұл – кәсіпорынның әлеуеті әлі де жоғары екенін аңғартады. Егер жаңа серіктестер тартылып, өндірістік байланыстар қайта жанданса, цехтың жұмысын қалпына келтіруге толық мүмкіндік бар.
Сонымен қатар, ширек ғасырдан астам уақыт бойы табиғи ауыз су өндірумен айналысып келе жатқан «Сәтбаев минералды және жеміс сулар зауыты» ЖШС-інің қызметімен танысу да ерекше маңызды болды. Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 11 миллион литрге дейін жетеді. Қазіргі таңда мұнда 30-ға жуық адам тұрақты еңбек етуде. Кәсіпорын басшылығы өндірісті жаңғырту бағытында бірқатар жобаларды қолға алуды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, минералды су өндірісін жетілдірумен қатар, лимонад пен шай құю желілерін іске қосу көзделуде. Бұл бастамалар өндіріс көлемін арттырып қана қоймай, жергілікті өнімді жаңа нарықтарға шығаруға жол ашады.
Жалпы алғанда, мұндай кәсіпорындар – қаланың экономикалық тірегі. Олар халықты тұрақты жұмыспен қамтып, табыс көзін қалыптастырады. Сондықтан өндірісті сақтау, оны дамыту және жаңа жобаларды қолдау – басты басымдықтардың бірі болуы тиіс.
Әкімдік тарапынан кәсіпорындарға инвестиция тарту, жаңа нарықтарға шығуға жәрдемдесу және өндірістік әлеуетті арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады. Өйткені өндіріс дамыған жерде – тұрақты жұмыс бар, тұрақты табыс бар, ең бастысы – қаланың сенімді әрі жарқын болашағы бар.




