Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде Ұлытау облысының дін істері басқармасының өкілдері студенттермен, оның ішінде 2026 жылғы бітіруші түлектермен ресми кездесу өткізді.
Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – өңірге дін саласы бойынша білікті мамандарды тарту, сондай-ақ жас мамандарға Ұлытау облысында еңбек ету мүмкіндіктерін кеңінен түсіндіру болды. Кездесу барысында облыстағы кадрлық әлеуетті нығайту және дін саласын кәсіби мамандармен қамтамасыз ету өңірлік саясаттың басым бағыттарының бірі екені атап өтілді.
Осы бағытта 2024 жылы облыс әкімдігі тарапынан арнайы білім беру гранттары бөлініп, қазіргі уақытта 4 студент исламтану және дінтану мамандықтары бойынша білім алуда. Жалпы алғанда, бүгінгі күні аталған жоғары оқу орнында Ұлытау өңірінен 21 студент білім алып жатыр, оның ішінде 6 студент 2026 жылы оқуын аяқтайды.
Іс-шараға Ұлытау облысының бас имамы Бейбіт Жансарин қатысып, студенттерге өңірдегі еңбек нарығы, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері, қызметтік міндеттер мен әлеуметтік қолдау шаралары жөнінде жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар, ол бітіруші түлектерді туған өңірге оралып, кәсіби қызмет атқаруға шақырды.
Кездесу университет қабырғасында ұйымдастырылып, ресми әрі мазмұнды форматта өтті. Іс-шара барысында қатысушылар өзара пікір алмасып, өзекті сұрақтарына нақты жауаптар алды.
Аталған кездесу болашақ мамандардың кәсіби бағдарын айқындауға және оларды өңірлік дамуға тартуға бағытталған маңызды шаралардың бірі болып табылады.




