Президент Жолдауы – Жаңа Қазақстанның бағдары
Қазақстанның әрбір жаңа тарихи кезеңінде ел дамуындағы басты бағыттарды айқындайтын маңызды құжаттардың бірі – Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауы. Президент Жолдауы – елдің әлеуметтік-экономикалық, саяси және рухани даму стратегиясын белгілейтін, бүкіл мемлекеттік аппарат пен қоғам үшін бағдаршам іспетті. Соңғы жылдары еліміз «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасын алға қойып, ұлттық жаңғыртудың жаңа фазасына аяқ басты. Бұл идея мемлекетті реформалау, қоғамды жаңарту және халықтың өмір сапасын жақсарту мақсатында жүзеге асырылатын кешенді өзгерістерді қамтиды. Сондықтан Президент Жолдауын «Жаңа Қазақстанның бағдары» деп қабылдау орынды.
Жаңа Қазақстан – ең алдымен, әділетті Қазақстанды құру жолы. Әділет – жаңа реформалардың өзегі. Ол сот жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз етуден бастап, мемлекеттік қызметтің транспаренттілігін арттыруға, жемқорлықпен жүйелі күрес жүргізуге дейінгі ауқымды салаларды қамтиды. Мемлекет басшысы өз Жолдауларында бұл ұстанымды бірнеше рет атап, оның қоғам дамуы үшін маңызды фактор екенін айтты. Себебі әділет орнаған жерде ғана экономикалық өрлеу, азаматтық белсенділік және қоғамдық келісім қалыптасады.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Елімізде қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз ету, салық саясатын әділ ету, цифрлық экономиканы дамыту бойынша да кешенді жұмыстар қолға алынды. Сонымен қатар логистикалық инфрақұрылымдарды жаңарту, өңірлік көлік дәліздерін кеңейту – Қазақстанның геоэкономикалық әлеуетін арттыруға ықпал ететін маңызды факторлар.
Жаңа Қазақстан экономикасының басымдықтарының бірі – инвестициялық ахуалды жақсарту. Әлемдік бәсекелестік күшейген кезеңде инвестиция тарту тек экономикалық емес, саяси тұрақтылыққа да байланысты. Осы тұрғыда Президент реформаларының басты мақсаты – инвесторлардың құқықтарын қорғау, кәсіпкерлік ортаны жақсарту және мемлекеттің экономикаға негізсіз араласуын шектеу.
Президент Жолдауының ең маңызды бөлігі – әлеуметтік саясат. Жаңа Қазақстан үшін халықтың өмір сапасын жақсарту, әлеуметтік теңсіздікті азайту және адами капиталды дамыту ерекше басымдыққа ие.
Білім беру саласын дамыту – ел болашағы үшін стратегиялық бағыт. Президент мектеп салу, мұғалімдердің жалақысын көтеру, жоғары білімнің қолжетімділігін арттыру, техникалық мамандықтарға басымдық беру қажет екенін үнемі атап келеді. Бұл еліміздің ұзақ мерзімді экономикалық дамуында маңызды рөл атқарады.
Денсаулық сақтау саласындағы реформалар да халық игілігі үшін жүзеге асырылып жатыр. Медицина сапасын арттыру, ауылдық жерлерді дәрігер мамандарымен қамтамасыз ету, медициналық инфрақұрылымды жаңарту – Жолдауда көрсетілген басым бағыттардың бірі.
Жаңа Қазақстанның тағы бір маңызды қыры – ұлттық рухты, тарихи сананы және мәдени құндылықтарды жаңғырту. Президент Жолдарында рухани жаңғырудың маңыздылығы, ұлттық болмысты сақтау қажеттігі жиі айтылып келеді. Бұл – жаһандану дәуірінде мәдениетімізді, тілімізді, дәстүрімізді сақтап қалудың кепілі.
Ұлттық бірегейлікті нығайту – тек мәдениет саласының емес, бүкіл қоғамның міндеті. Президент ұсынып отырған реформалардың түпкі мәні – саналы азамат қалыптастыру, қоғамдық жауапкершілікті арттыру және қоғамды біріктіру. Бұл бағытта тіл саясаты, мәдениет, ғылым мен өнерді қолдау бағдарламалары жүзеге асуда.
Президент Жолдауындағы басты идеялардың бірі – билік пен халық арасындағы әлеуметтік келісім мен сенімді арттыру. Сенім – қоғам дамуының шешуші факторы. Сенімсіз жерде реформа да, жаңғыру да жүзеге аспайды. Сондықтан мемлекет қабылдап жатқан әрбір реформаның мақсаты – халықтың сенімін нығайту.
Жаңа Қазақстан моделі – азаматтардың мүддесін бірінші орынға қоятын, әділетті, тиімді және ашық мемлекет. Бұл модельде қоғам белсенді, азаматтар өз құқығы мен міндетін біледі, мемлекеттік органдар халыққа қызмет етеді. Президенттің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан реформалар осы бағытта жүйелі түрде орындалып келеді.
Қорытындай келе, Президент Жолдауы – Жаңа Қазақстанның даму жолын айқындайтын негізгі стратегиялық құжат. Онда қоғамның барлық саласын қамтитын реформалардың бағыты көрсетілген: саяси жаңғыру, экономикалық даму, әлеуметтік қолдау, ұлттық бірегейлікті сақтау және мемлекеттік басқаруды жетілдіру. Бұл реформалардың түпкі мақсаты – әділетті, ашық әрі дамыған Қазақстан құру.
Жаңа Қазақстан – әрбір азаматтың ортақ еңбегінің нәтижесі. Президент Жолдауында белгіленген міндеттерді орындау – тек мемлекеттік органдардың емес, бүкіл қоғамның жауапкершілігі. Осы мақсатта бірлікпен әрекет еткенде ғана мемлекетіміз жаңа белестерді бағындырып, бәсекеге қабілетті, өркениетті елге айналады.
ҚХА жанындағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы
Ахметов Өтеш
Президент Жолдауы – Жаңа Қазақстанның бағдары
