Қаламыздың мәдени өмірінде өзіндік орны бар «Маюри» би ұжымы 28 жыл бойы сахнада үздіксіз өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп келеді. Ұжымның әрбір қойылымы – табандылықтың, қажырлы еңбектің және шығармашылық ізденістің жемісі.
Осы жылдар ішінде «Маюри» талай дарынды жасты тәрбиелеп, өнер жолына бағыттады. Ұжым мүшелері түрлі байқаулар мен фестивальдерде топ жарып, қаланың ғана емес, елдің мәдени абыройын асқақтатып келеді. Бүгінде бұл ұжым – өңірдің мәдени кеңістігінің ажырамас бөлігіне айналған өнер ордасы.
Осы игі жолдың заңды жалғасы ретінде «Маюри–Девдас» өнер академиясының салтанатты ашылуы өтті. Жаңа академия – жас таланттардың қабілетін дамытып, олардың шығармашылық әлеуетін ашуға бағытталған бірегей алаң.
Академияда балалар мен жастар бірнеше бағыт бойынша білім ала алады. Атап айтқанда, вокал, хореография, актерлік шеберлік, моделинг, мобилография және зумба секілді заманауи әрі сұранысқа ие салалар қамтылған. Бұл бағыттар жас өнерпаздардың жан-жақты дамуына мүмкіндік береді.
Салтанатты шараға қала әкімі Мұрат Бөрібаев қатысып, жаңа өнер ордасының ашылуымен құттықтап, ұжымға шығармашылық табыс тіледі. Сонымен қатар, ол жас таланттарға қолдау көрсету – әрдайым маңызды екенін атап өтті.
Жаңа академияның ашылуы – өңір мәдениетінің дамуына қосылған маңызды үлес. Бұл тек білім беретін орталық қана емес, өнерге құштар жастар үшін үлкен мүмкіндіктер алаңы болмақ.




