Ұлытау ауданында отбасылық құндылықтарды нығайтуға және тұрғындарға әлеуметтік көмек көрсетуге бағытталған Отбасын қолдау орталығы өз жұмысын бастады. Аталған мекеме Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2024 жылғы 14 маусымдағы №256-НҚ бұйрығына және Ұлытау ауданы әкімінің 2025 жылғы 22 желтоқсандағы №107/03 қаулысына сәйкес құрылды.
Жаңа мекеме «Ұлытау ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің қарамағында жұмыс істейді. «Ұлытау ауданының отбасын қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры лауазымына Ноян Мұңайтпасұлы Жеңсікбаев тағайындалды.
Отбасын қолдау орталығының қызметі Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексі аясында жүзеге асырылады. Орталықтың басты мақсаты – отбасылық институтты нығайту, некені сақтау және қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты арттыру.
Мекеменің негізгі қызмет бағыттарына мемлекеттік отбасы саясатын іске асыру, отбасылық жанжалдардың алдын алу, өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдар мен отбасыларға кешенді қолдау көрсету кіреді. Сонымен қатар орталық әлеуметтік, құқықтық және психологиялық көмек көрсетуге жәрдемдесіп, тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Бұдан бөлек, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында мемлекеттік органдармен, қоғамдық ұйымдармен және волонтерлермен тығыз өзара іс-қимыл жасалады. Отбасы саласындағы ахуалды зерделеу, мониторинг жүргізу және талдау жұмыстарын ұйымдастыру да орталық қызметінің маңызды бөлігі болып табылады.




