Көп жылдан бері бос жатқан №25 мектептің артқы аумағы бүгінде үлкен өзгерістердің ортасына айналып отыр. Бұл жер бұрын пайдаланылмаған бос алаң болып келген еді.
Биыл алғаш рет «Оқушылар» аллеясы бой көтеруде. Жоба жастардың бас қосып, уақыттарын тиімді әрі пайдалы өткізуіне, спортпен және шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік беруді көздейді.
Қазіргі таңда аллея аумағында ауқымды құрылыс-абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жаңа жарық шамдарының тіректері орнатылып, жаяу жүргіншілер жолдарына асфальт төселіп, брусчатка салынып жатыр. Сонымен қатар футбол алаңының қоршауы ауыстырылып, болашақ амфитеатрдың іргетасы қалануда.
Жұмыстарды мердігер ұйым – «Ильдас» ЖШС жүзеге асыруда. Жоба аясында оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттыратын «Білім баспалдағы» орнатылып, алдағы жылы барлық келушілер үшін тегін Wi-Fi желісі қолжетімді болмақ.
Бұл игі бастама – қала өміріндегі маңызды қадамдардың бірі. Жаңа аллея балалардың таза ауада ойнап, спортпен шұғылданып, шығармашылықпен айналысуына жағдай жасайды. Сонымен қатар ата-аналар мен тұрғындардың да серуендеп, демалатын қолайлы орнына айналады.