Конституцияның жаңа редакциясын талқылау және әзірлеу үдерісі жеткілікті түрде ұзаққа созылды – шамамен жарты жылға жуық уақытты қамтыды.
Нақты айтқанда, талқылау Мемлекет басшысының 2025 жылғы 8 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Парламентті реформалау бастамасын жариялауынан бастау алды.
Осы мақсатта өткен жылдың қазан айында заңнамаға түзетулер әзірлеу мәселелерімен тұрақты негізде айналысқан Парламенттік реформа жөніндегі Жұмыс тобы құрылды.
Сонымен қатар, парламенттік реформаны қоғамдық талқылау тек Жұмыс тобының қызметімен шектелген жоқ. Атап айтқанда, өткен жылдың қазан айынан бастап e-Otinish және eGov платформаларындағы «Парламенттік реформа» атты арнайы бөлім арқылы азаматтардан, сараптамалық қауымдастық өкілдерінен және қоғамдық бірлестіктерден жүздеген ұсыныс келіп түсті.
Бұдан бөлек, саяси партиялар мен өзге де қоғамдық бірлестіктерден қолданыстағы Конституцияның ережелерін қайта қарауға қатысты 1600-ден астам ұсыныс түсті. Осыған байланысты Конституциялық реформа жүргізу және Конституциялық комиссия құру туралы шешім қабылданды.
Мемлекет тарапынан іске қосылған кері байланыс тетіктері азаматтар тарапынан белсенді пайдаланылып, Конституциялық реформаға қатысты қоғамның кең ауқымды ұстанымдары мен практикалық сұраныстарын ескеруге мүмкіндік берді.
Жиналған ұсыныстар жекелеген түрде емес, бірыңғай, ішкі өзара үйлестірілген жобаға біріктірілді. Нәтижесінде жаңарту Конституцияның барлық бөлімдерін – Кіріспеден бастап конституциялық құрылымның негіздерін, сот төрелігі, мемлекеттік басқару және азаматтардың қатысу тетіктерін қамтыды.
Мұндай тәсіл бұрын қолданылған нүктелік және бытыраңқы өзгерістер енгізу тәжірибесінен бас тартып, жаңа Негізгі заңның тұтас әрі қисынды құрылымын қалыптастыруға мүмкіндік берді.




