Конституциялық комиссия барлық түскен ұсыныстар мен талқылаулардың негізінде өзара келісілген және Конституция мәтініне енгізілген түзетулердің жиынтық жобасын әзірледі.
Ұсынылып отырған жобада Кіріспе, 11 бөлім және 95 бап бар (қолданыстағы редакцияда – Кіріспе, 9 бөлім және 101 бап).
Екі жаңа бөлім енгізілді – «Халық кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу».
Төрт бөлімнің атауы өзгертілді:
«Жалпы ережелер» – «Конституциялық құрылыстың негіздері» деп,
«Адам және азамат» – «Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер» деп,
«Парламент» – «Құрылтай» деп,
«Соттар және сот төрелігі. Прокуратура. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл» – «Сот төрелігі. Прокуратура. Құқық қорғау тетіктері» деп қайта аталды.
Конституцияның 77 бабына, яғни мәтіннің 84 пайызына түзетулер енгізілді.
Осылайша, өзгерістер мен толықтырулар Негізгі заңның барлық бөлімдерін қамтиды.
Конституция бөлімдерінің атауларын өзгерту немесе баптардың тұжырымдарын нақтылау – бұл жай ғана редакциялық түзету емес, құқықтық дәлдікті күшейтетін, Негізгі заңның сапасын арттыратын және тұжырымдамалық тәсілдерді өзгертетін маңызды әрі терең ойластырылған қадам.
Айта кету қажет, «Нормативтік құқықтық актілер туралы» заңға сәйкес, егер нормативтік құқықтық актінің мәтінінің жартысынан астамына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілсе, оның жаңа редакциясы қабылданады.
Осыны, сондай-ақ ұсынылып отырған өзгерістердің ауқымы мен мазмұнын ескере отырып, қазіргі заман талаптарына, қоғамның қажеттіліктеріне және мемлекеттің стратегиялық даму мақсаттарына жауап беретін Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа редакциясын қабылдау орынды әрі негізделген шешім болып табылады.
Демек, бұл жекелеген түзетулер туралы емес, Негізгі заңның мазмұны мен тұжырымдамалық негіздері түбегейлі өзгеретін терең конституциялық жаңғырту туралы сөз болып отыр.




